«AMANAT» партиясы ШҚО филиалы жанындағы «Miras» өңірлік кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тарихи-мәдени мұраларды сақтау және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиынды кеңес төрағасы, айтыскер ақын Серік Құсанбаев жүргізіп, рухани құндылықтарды сақтау мен жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына тоқталды.
Кеңесте өңірдегі маңдайшаларға жүргізілген мониторинг нәтижелері, тарихи нысандарды жаңғырту жұмыстары және мектеп жанындағы қазақ тілі лагерьлерінің қызметі талқыланды.
– Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың рухани тәрбиесіне көңіл бөлу – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бүгінгі кеңесте көтерілген мәселелер өңірдің рухани дамуына тікелей әсер етеді. Әсіресе балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырып, қазақ тіліндегі лагерьлердің жұмысын жандандыру – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тиімді жолы, – деді «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Серік Құсанбаев.
Кеңес мүшелері мәдениет, тіл саясаты және рухани мұраны сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Пікірлер