
ШҚО-да кейбір өсімдік пен шөп түрлерін теруге шектеу енгізілген
Жаз басталысымен облыс тұрғындарының біршамасы орманға бет алады. Бірі саңырауқұлақ терсе, енді бірі жидек, жаңғақ немесе дәрілік шөп жинауға асығады. Алайда табиғат сыйын пайдаланудың өз тәртібі бар екенін көпшілік біле бермейді. Кей өсімдіктерді жинау үшін ешқандай рұқсаттың қажеті жоқ, енді бірін тек белгіленген талаптарды сақтай отырып қана себетке салуға болады. Ал Қызыл кітапқа енген немесе мемлекет қорғауындағы өсімдіктерді заңсыз жинағандар миллион теңге көлеміндегі айыппұл төлеуі ғажап емес. Ендеше қандай өсімдіктерді тегін жинауға болады? Қандай жағдайда арнайы рұқсат қажет? Осы және өзге де маңызды сауалдардың жауабын осы материалдан оқи аласыздар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тұрғындарды толғандырған сұрақтарға ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандары мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жауап берді.
– Саңырауқұлақ, жидек және жаңғақты қандай көлемде тегін әрі рұқсатсыз жинауға болады?
– Облыс аумағында азаматтарға жеке пайдалану мақсатында жабайы жеміс-жидектерді, саңырауқұлақтарды және өзге де орман ресурстарын арнайы рұқсатсыз әрі тегін жинауға мүмкіндік берілген. Бұл нормалар облыстық мәслихат шешімімен және орман пайдалану қағидаларымен белгіленген көрінеді. Басқарма мәліметінше, бір рет орманға шыққанда әр адам:
жабайы жемістерді (долана, шәңгіш, шетен, мойыл және т.б.) – 10 келіге дейін;
қарағай жаңғағын – 10 келіге дейін;
саңырауқұлақты – 25 келіге дейін;
жидектерді (орман бүлдіргені, таңқурай, қарақат, көкжидек және т.б.) – 15 келіге дейін тегін жинай алады.
Егер жиналған өнім тек жеке қажеттілікке пайдаланылса, ешқандай рұқсат құжаты талап етілмейді. Ал белгіленген нормадан артық көлемде немесе өнімді сату, қайта өңдеу, дәрілік шикізат дайындау және басқа да кәсіпкерлік мақсатта жинау үшін орман шаруашылығынан арнайы рұқсат алып, тиісті төлемді төлеу қажет. Өткен жылмен салыстырғанда орман ресурстарын тегін жинау нормалары өзгерген жоқ.
– Рұқсат етілген мөлшерден артық жинаса не болады?
– Мемлекеттік орман қоры аумағында саңырауқұлақ, жидек немесе жаңғақты белгіленген нормадан артық жинаған азаматтар екінші реттік орман пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайда айыппұл бірден салынбайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық бұзушылық алғаш рет анықталса және оның салдары ауыр болмаса, уәкілетті органдар ескертумен шектеле алады. Шешім қабылдау кезінде бұзушылықтың алғаш рет жасалуы, орман қорына келтірілген залал түрі, ерекше қорғалатын табиғи аумақта жеміс-жидек жинау және өнімнің коммерциялық мақсатта жиналғаны сияқты мән-жайлар ескеріледі.
Егер азамат белгіленген мөлшерден аз ғана асып, өнімді жеке қажетіне жинаса, орман қорғау қызметкерлері көбінде ескерту жасап, қолданыстағы талаптарды түсіндірумен шектеледі.
Ал нормадан едәуір артық көлемде жинау, заң бұзушылықты қайталау, болмаса орман пайдалануға рұқсат алмай коммерциялық мақсатта өнім жинау әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 368-бабына сәйкес, мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде, ал құқық бұзушылық ерекше қорғалатын табиғи аумақта жасалса, 30 АЕК (129 750 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
– Көктемде шығысқазақстандықтар республикалық БАҚ-та тараған жаңалықтарды оқып, кей азаматтарға неліктен бақбақ тергені үшін миллиондаған теңге көлемінде айыппұл салынып жатыр деп таң қалды. Бұған не айтасыздар?
– Басқарма мамандары мәліметінше, Қазақстанда 13 миллион теңге көлеміндегі айыппұл кәдімгі бақбақты жинағаны үшін емес, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін заңсыз жинағаны үшін салынады. Экология министрлігі бұл жағдайдың көксағыз бақбағына қатысты екенін атап өтті.
Көксағыз – Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін бақбақ түрі. Жойылып бара жатқан өсімдіктерді жинағаны үшін 3000 АЕК (12,9 млн теңге) айыппұл салынады.
Экология министрлігі мәліметінше, көксағыз негізінен елдің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, Жетісу және Алматы облыстарының таулы әрі тау бөктеріндегі аймақтарында өседі. Бұл өсімдік Шығыс Қазақстан аумағында көп өспейтін сыңайлы.
Кейбір ақпарат көзінде тағы бір сирек кездесетін түр – Виталий бақбағы туралы айтылған. Ол да мемлекет қорғауындағы өсімдіктердің бірі. Ал тұрғындардың аулалар мен шалғындарда өсетін кәдімгі далалық бақбақтарды жинауына мұндай санкциялар қолданылмайды.
– Қандай өсімдіктерді жинауға болмайды және қайсысы қорғалған?
– Қазақстан аумағында ҚР Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді жинап, жұлуға, қазып алуға немесе оларға қандай да бір зиян келтіруге қатаң тыйым салынады.
Басқарма мәліметінше, ерекше қорғалатын өсімдіктер қатарына Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, Недзвецкий алмасы, Родиола раушан гүлі, тенуифолия пионы, көксағыз бақбағы және Алтай эдельвейсі жатады.
Мұндай өсімдіктерді заңсыз жинау немесе жою ірі көлемдегі айыппұлдарға әкелуі мүмкін. Ал табиғатқа елеулі зиян келтірілген жағдайда заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ұлттық саябақтар, қорықтар және басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы өсімдіктерге ерекше талаптар қойылады.
– Алғаш гүлдейтін өсімдіктер мен жабайы гүлдерді жинауға бола ма?
– Егер өсімдік Қызыл кітапқа енгізілсе, оны жинауға немесе жоюға болмайды. ШҚО Полиция департаменті өкілдері түсіндіргендей, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін заңсыз жинау, жою немесе зақымдау ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі.
Заң бойынша мұндай әрекеттер үшін 3000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, сондай-ақ белгілі бір мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.
ҚР Қызыл кітабының 2006 жылғы басылымы мен кейінгі толықтыруларына сәйкес, онда шамамен 387 өсімдік түрі тіркелген. Олардың арасында көктемде жаппай жинау салдарынан қауіп төнетін ерте гүлдейтін өсімдіктер мен жабайы гүлдер де бар.
Негізгі қорғалатын көктемгі өсімдіктер қатарына:
– қар бүршіктері және бақбақтың сирек түрлері (көксағыз, Виталий);
– крокустар (Королков, Алатау крокусы);
– қызғалдақтардың сирек түрлері (Шренк, Грейг, Регель, Колпаковский, Островский, Кауфман, Борщов) жатады.
Сонымен қатар Полиция департаменті Қызыл кітапқа енбеген кейбір жабайы гүлді жинауға толық тыйым салынбағанын атап өтті. Дегенмен табиғи тепе-теңдікті сақтау және биоалуантүрлілікті қорғау үшін гүлдерді жаппай жинаудан бас тарту ұсынылады.
– Жусан мен інжугүлді жинауға бола ма, жоқ ма?
– Қазақстандағы жусан мен інжугүлдің кей түрлері сирек кездесетін және қорғауға алынған өсімдіктерге жатады. Алайда бұл өсімдіктердің барлық түрі Қызыл кітапқа енгізілмеген. Басқарма мамандарының айтуынша, інжугүлдің бірқатар түрі сирек кездесетіндер қатарына жатпайды және ел аумағында кең таралған. Бірақ кейбір эндемик (тек белгілі бір жерде өсетін) немесе сирек түрлері қорғалуы мүмкін. Оған цитварлы жусанды мысал етсек болады. Ал кәдімгі дала жусанын жинауға тыйым жоқ.
Мамырда гүлдейтін інжугүлге келсек, республиканың кей өңірінде сирек өсімдік болып саналады және арнайы табиғи аумақтарда қорғауға алынған. Жабайы өсетін інжугүлді жаппай жинау әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Бұл ретте өсімдіктің өзі ғана емес, оның табиғи өсетін жерлері де қорғалатынын ескеру қажет. Әсіресе қорықтарда, ұлттық саябақтарда және басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсімдіктерді жинауға болмайды.
– Өсімдіктерді қай жерде жинауға тыйым салынады және заңды бұзбау үшін не істеу керек?
– Департамент мамандарының түсіндіруінше, арнайы рұқсатсыз ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шөптерді, жемістерді, жидектерді және басқа да өсімдік ресурстарын жинауға тыйым салынады. Сондай-ақ өсімдіктерді қалпына келу кезеңінде немесе табиғатқа зиян келтіретін тәсілдермен жинауға болмайды. Оған өсімдіктің тамырын жұлу, топырақ жамылғысын бүлдіру, жас өскіндерді жою сияқты әрекеттер жатады. Дәрілік шөптерді жинау кезінде өсімдікті толықтай жұлып алмай, оның табиғи түрде қайта қалпына келуіне мүмкіндік беру үшін бір бөлігін қалдырған жөн.
Мамандар дәрілік және басқа да өсімдік шикізатын тасжолдар мен өнеркәсіптік аймақтар маңынан жинауды құп көрмейді. Себебі мұндай аумақтардағы өсімдіктер қоршаған орта әсерінен ластануы мүмкін.
Кей өсімдіктерді тұрғындар әр жерде көпптеп өседі деп қабылдағанымен, олардың жекелеген түрлері немесе белгілі бір аумақтардағы популяциялары қорғауға алынуы мүмкін. Олардың қатарында пион, марал тамыры, сондай-ақ қызғалдақ пен бәйшешектің бірнеше түрі бар.
Заңсыз және ауқымды түрде өсімдік жинау фактілері анықталса, орман шаруашылығы қызметкерлері жиналған материалдарды тәркілеп, әкімшілік хаттама толтыруға және табиғи ресурстарға келтірілген зиян үшін өтемақы талап етуге құқылы.
Басқарма өкілдері өңір үшін үшін балқарағай және марал ормандарын, сирек кездесетін Алтай дәрілік өсімдіктерін, Сиверс алмасы популяцияларын және басқа да жабайы жеміс түрлерін қорғаудың маңызы зор екенін атап өтті.
– Облыс тұрғындары қандай дәрілік шөптерді және қандай мөлшерде жинай алады?
– Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 сәуірдегі және 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімдеріне сәйкес, жеке тұлғаларға мемлекеттік орман қоры аумағында дәрілік өсімдіктерді белгілі бір мөлшерде жинауға рұқсат етіледі. Өсімдіктерді жинау көлемі бекітілген талаптарға сәйкес жүргізілуі керек. Әр орман қоры аумағына барғанда тұрғындарға кестеде көрсетілген мөлшерде дәрілік өсімдіктерді жеке пайдалану үшін тегін жинауға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте өсімдіктерді жинау кезінде табиғатқа зиян келтірмеу, сирек кездесетін және қорғалатын түрлерді жұлмау, сондай-ақ белгіленген ережелерді сақтау қажет.
|
Жеміс түрі |
Тегін жинау мөлшері |
|
Батпақты аңдыз (тамыры) |
6 келі |
|
Құмдағы салаубас |
3 келі |
|
Бұрыш самалдық |
5 келі |
|
Кәдімгі жұпаргүл |
3 келі |
|
Шілтер жапырақты шайқурай |
3 келі |
|
Иван-шай |
4 келі |
|
Екіжақты қалақай |
3 келі |
|
Пияздың барлық түрі |
- |
|
Дәрілік балшатыр |
2 келі |
|
Кәдімгі таушымылдық |
- |
|
Жолжелкен |
3 келі |
|
Ащы жусан |
3 келі |
|
Рауғаш |
- |
|
Қызылмия |
2 келі |
|
Жебіршөп |
3 келі |
|
Мыңжапырақ |
2 келі |
|
Құлмақ |
5 келі |
|
Сүйелшөп |
3 келі |
|
Череда |
3 келі |
|
Дала қырықбуыны |
5 келі |
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер