2 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Катонқарағай ауданының мәдени күндері өтті. Кеш барысында аудан өнері, рухани мұрасы, тарихы мен салт-дәстүрі кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоба әр аудан мен қаланың өзіндік болмысын, мәдениеті мен өнерін, тарихи мұрасы мен жетістіктерін көпшілікке таныстыруға бағытталған. Бұл жолы киелі Катонқарағайдың концерті ерекше прологпен басталды. Аудан өнерпаздары жыл шежіресіне сәйкес әр жылдың жануарын бейнелеп, көрерменге өзіндік қойылым ұсынды.
Аудан әкімі Данияр Дюсембаевтың айтуынша, концерттік бағдарлама көрермен залға кірген сәттен-ақ басталған. Филармонияға келген қонақтарды аудан ардагерлері қарсы алып, ұлттық аспаптармен ән айтып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әкім мұндай мәдени жобалар аудан өнері мен мәдениетін танытып қана қоймай, оның ғылыми-рухани әлеуетін де көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кеш «Рух» әні, «Аққу» биі және «Домбыра» әнімен жалғасып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахна төрінде көшпенділер рухын бейнелейтін би ұсынылып, қонақтар ұлттық өнердің көркем көрінісіне куә болды.
Концерт барысында LED экраннан Катонқарағайдың қайталанбас табиғаты, соңғы жылдардағы мәдени-рухани шаралары мен аудан өміріндегі маңызды жаңалықтарды қамтыған бейнероликтер көрсетілді. Экрандағы көріністер сахнадағы филармония бишілерінің өнерімен үйлесіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Бағдарламада «Балқадиша» әніне қойылған би де орындалды. Мың бұралған жас бишілер өнері көпшілік көңілінен шықты. Одан кейін «Сауыт» әні шырқалып, кештің рухты атмосферасын одан әрі күшейтті.
«Алтын домбыра» балалар оркестрінің орындауындағы «Ер Тұран» күйі де концерттің әсерлі нөмірлерінің біріне айналды. Күймен үндескен би-қойылым арқылы Төр Алтайдың тарихы мен ұлттық рухымыз көрініс тапты. Концерт «Хас жүйрікте сын болмас», «Дала ерлері», «Ұлыма ақыл» сынды әндермен жалғасын тауып, аудан өнерпаздары көрерменге мазмұнды әрі әсерлі бағдарлама ұсынды.
Кеш соңында Алтай Мубарактың орындауындағы «Катон» әні шырқалып, ықылас гүлі табысталды. Осылайша облыстық филармония залында өткен Катонқарағайдың мәдени кеші көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, өз мәресіне жетті.
Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Фотосурет автордікі
Пікірлер