
Даниал Ахметов кезінде басталған жылу қазандығының құрылысы неге аяқталмай жатыр?
Глубокое ауданы тұрғындары бірнеше жылдан бері күтіп отырған жаңа қазандықтың құрылысы әлі аяқталған жоқ. Бір кездері облыстың экс-әкімі Даниал Ахметов пәрмен берген жоба бүгінде тоқтап тұр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Hronika.kz-ке сілтеме жасап.
«Шіріп, тіпті тот басып кеткен»
Глубокое ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Жұмаділов қазандық құрылысының қазіргі жағдайын сөз еткенде эмоциясын әрең тежеп, тістене сөйлейді.
– Мен кезінде ол жерге Антикорды да бірнеше рет апардым. Өтініш жазған соң олар келді. Қазір 1,6 млрд теңгелік осы аяқталмаған нысан Глубокое ауданы балансына қойылған. Бірақ құрылысы әлі де аяқталмаған ғимараттарды балансқа қоюға болмайды. Ауданның балансына қазандық толық дайын болғанда ғана берілуі тиіс. Антикордың айтуынша, жоба сақталған. Алайда менің ойымша, көп дүниесі әлдеқашан талан-таражға түскен немесе шіріп, тіпті тот басып кеткен, – деп бөлісті ол.
Жоба негізінен 2018 жылы қолға алынды. Сол кезде Даниал Ахметов Глубокое кентінде жаңа қазандық салынатынын мәлімдеген. Одан соң мемлекет пен жекеменшік компания арасындағы әріптестік аясында түркиялық «Mimsan Endustri Kazanlari Sanayi ve Ticaret A.S.» компаниясымен келісім жасалды. Бірақ кейін сот процесстері басталып, құрылыс тоқтап қалды.
Өткен жылы «Ертіс ӘКК» АҚ инвестициялар департаменті директоры Аслан Смағұлов үшжақты ынтымақтастық бекітілгенін хабарлаған. Ол «Теплоэнергия» КМК, «Ертіс ӘКК» АҚ және «Mimsan Industry Boilers» ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы келісімшарт жасалғанын айтты. Құжат 2027 жылға дейін жарамды.
Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары осы жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда жергілікті тұрғындар әзірге өзгеріс байқамағанын айтуда.
– Ол жерде ешқандай құрылыс жүріп жатқан жоқ. Күзетішлер ғана отырады, – дейді аудан тұрғыны Валерия Никишина.
Қаржының қашан табылары белгісіз
Қазір ұзақ жылдар бойы аяқталмай тұрған нысан «Теплоэнергия» балансында. Кәсіпорын директорының міндетін атқарушы Досымбек Нұрғалидің айтуынша, жылу көзі қазір консервацияда.
– Техникалық қадағалау мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы деректеріне сәйкес, нысанның 27%-ы ғана дайын. Бүгінде екі блоктың монолиттік темірбетон іргетасы салынған. «А» блогының металл конструкцияларының бір бөлігі орнатылған және үш қазандық пен түрлі сыйымдылықтағы жерасты резервуарлары қойылды. Ал ғимараттың сәулеттік-құрылыс жұмыстары, абаттандыру және инженерлік желілерді жүргізу әлі толық орындалмаған, – деп бөлісті ол.
Бұдан бөлек, қазір жоба құны 7 млрд теңгеден асты. Кәсіпорын өкілдері соңғы бес жылда құрылыс материалдары мен қызметтер бағасының қымбаттауы себеп болғанын айтады. Жаңа сметаға бұған дейін орындалған жұмыстардың құны да енгізілген.
Техникалық тексеру нәтижесінде металл конструкциялардың бетін тазалап, қайта өңдеу қажет екені анықталған. Қазандықтар жұмысқа жарамды. Құрылыс мерзімі мен нысанды пайдалануға берілу уақыты мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін белгіленбек.
Айта кетейік, келісім бойынша «Mimsan Industry Boilers» ЖШС құрылысты жеке инвестициялар есебінен жүргізуі тиіс. Ал компания үлесі нысанға меншік құқығы тіркеліп, одан кейінгі жылу маусымы сәтті аяқталған соң ғана бес ай ішінде төленеді.
Компанияның жалғыз құрылтайшысы қазандық жобасына алғашында қатысқан сол түркиялық «Mimsan Endustri Kazanlari Sanayi ve Ticaret A.S.» компаниясы. Ол қазандықтар мен жылу электр станцияларына арналған заманауи жабдық өндіреді.
Жобаны аяқтауға қажетті қаржының қашан табылатыны әзірге белгісіз. Ал аудан тұрғындары әлі де ғасырға жуық уақыт бұрын іске қосылған жергілікті қазандыққа тәуелді. Оны жөндеуге жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы қазандықты жөндеуге 150 млн теңге, 2024 жылы 337 млн, 2025 жылы 290 млн теңге жұмсалған.
Жуырда өткен облыс әкімдігі отырысында Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Наурызбай Сармурзин биыл аталған жөндеуге 456,4 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді.
– Глубокое кентінде бюджет қаражаты есебінен жылу көзіндегі үш қазандық, шатыр және мұржаны жөндеу жұмыстары 456,4 млн теңгеге аяқталды, - деді басқарма басшысы.
Осылайша экс-әкім Ахметов бастаған жобаға қатысты алғашқы уәде берілгеніне он жылға жуықтаса да, жаңа қазандықтың қашан іске қосылатыны беймәлім.
Жанерке САДЫҚ
Фото: inbusiness.kz
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер