
Аштық жылдары ШҚО-дан ауған жұрт қалай аман қалды?
… Тарих сағаты кейде сәтсіз соғып, игілік иіріміне түсуге асыққан тағдырларды сан түрлі соқпаққа салады. Екі алып құрлықты екі мың жыл бойы дүрілдеткен, сері, еркін көшпенділердің биік рухы аласармаған еді. Бірақ кеңес өкіметі кезінде қылаң берген кесел соңы аштыққа ұласып, жылқы жетектеп, түйеге жүк артқан жұрт еңсесін езіп үлгерді. Атылған оқтан ажал құшып, ағын судың екпініне жұтылған нөпір қатары бастапқыға қарағанда сиреген. Бейсенғали Садықанұлы Шәуешекке жеткенше інісі мен жұбайын көрмеді. Бірақ тағдыр оған өзгеше тосынсый дайындап тұрған.
Қасіреттен кейінгі қауышу
Қанжарға серт, найзаға ту байлап, тоқым төсеніп, ер жастанып ғұмыр кешкен рух әлі өшпеген еді. Бірнеше күн нәр татпаған нәзік жандылары да ашыққан күйі сұлбасын сүйретіп келеді. Ақсуат ауып, шекара асқандардың ары қарайғы тірлігін тізбелеп айтып беріп отырған Мұрат Бейсенғалидің үнінен әлдебір үміттің пайда болғанын біз де байқадық. Айтпақшы, әке-шешесі Ақсуатта тұрып жатқанда отау құрған. Сенесіздер ме, екеуі де 16 жаста болды. Шекара аспай тұрып сәби сүйіп үлгерді.
– Анам да, әкемнің інісі де әйтеуір өткелден оқ тимей, аман-есен өтіпті. Сөйтсе екеуі де басқа топпен кетсе керек. Әкем алғашқылардың бірі болып Шәуешекке жеткен. Онда барған соң нан тауып, тірлік қылу қажет. Әуелі елден қайыр сұрайды, кейінірек жалданып жұмыс істеді. Енді мынаны қараңыз, қалада күнкөріс қамымен жүрген әкем ел-жұрттан қазақ жерінен көшкен жұртты сұрастыра бастайды. Арада бір ай өткенде анам, әкем, оның інісі де шұрқырасып табысып, жылап қосылады, – деді Мұрат Бейсенғали.
Шәуешектен 60 шақырым жерде Дүрбілжің ауданы орын тепкен. Кейіпкеріміздің ата-анасы ол жақта бір туысқандарымен қауышып, сонда орнығады. Бейсенғали Садықанұлы табиғатынан алғыр, шаруашылықтың әр бағытына тез бейімделетін адам болған көрінеді. Аштық ауылынан алшақтап, тоқшылыққа бет түзей бастағанда там соғып, етік тігуге ден қойды. Бізді таңғалдырғаны сол, 20 жастағы жігіттің шеберлігі мен бойына біткен айрықша қабілеті. Тауқымет торы шырмай бастағанда машық пен дағды екіжақтап, еңсе көтеруге негіз болды. Қолөнермен қолы ұзара бастағанда сауданың сахнасына шығып көреді.
– Әкем көшедегі базардан арзан бағамен құлынның терісін сатып алып келеді екен. Шешеміз марқұм одан малақай тігеді. Күніне біреуін қамтиды. Санын бесеуге жеткізген соң базарға апарып, сатып қайтады. Байлар болса, «там үй салып бер» деп әкеме келеді. Қолы қысқалары бірнәрсесін жөндетіп алып жүрген. Жылқы ұстайтындары айыл, жүген тіктіреді, – деді кейіпкеріміз.
Дөңгеленген дүние Дүрбілжіңде тағы бір тың жаңалық дайындапты. Бейсенғали Садықанұлы көшеде кетіп бара жатып, әкімдік ғимараты алдындағы тақтайшада ілулі тұрған қағазға көзі түседі. «Араб әліпбиін білетіндер болса, өкіметке келіп, жұмысқа орналассын» деген қысқа мәтінді оқиды. Қуанышқа орай, қазақ жерінде жүріп хат таныған ол жазу-сызуды біліп тұрған. Мұрат Бейсенғали бұл шамамен 1935-жылдар екенін айтты. Азып-тозып жеткен отбасының ел қатарлы тірлік кеше бастағанын ескерсек, 1932-нің зұлматынан кейінгі уақыт екені ойға қонып тұр. Зылиха Абдоллақызы Қытай жерінде жүріп тағы үш баланы өмірге әкелді.
– Ол кезде сүзек деген ауру болды. Жұқпалы. Балалардың бәрі содан көз жұмды. Оларды Шәуешектегі зиратқа жерлепті. Бертіндегі әпекеміз, сосын мен өмірге келдім дегендей. Сүзек аштықтан тарайды дейді. Балаларды қойып, үлкендер қырылды. Анау ковид деуші ме еді, сол секілді бір-ақ алып кетеді, – деді Мұрат Бейсенғали.
«Шеттің шегесінің ұлы»
Талай жанды жалмап әкеткен аштықтың артын осылайша тағы бір дерт жалғаған. Ал қиралаңдаған арбаның қисық дәртесін тартып келе жатқан Бейсенғали Садықанұлы ғұмыр ағысына бейімделіп келеді біртіндеп. Бала күнінде ауыл молдасынан хат танып, Ахмет Байтұрсынұлы емлесін оқығаны сынақ тапсырғанда көмегін берді. Жазу деген маржандай. Мұрат Бейсенғалидің сөзінше, 1935-ші жылдардың өзінде әріп танымайтын қытай қазақтары көп болған. Қайта осы жақтан кеткендердің біршамасы жазуды білді. Соның арқасында маман тапшылығы біртіндеп шешіле бастады. Жалпы, аштық кезінде облыс аумағынан үдере көшкен жұрттың біршамасы осылай аман қалыпты.
– Әкем 1-2 жылдан кейін әкімнің хатшысы болды. 4-5 жыл хатшы жұмысын атқарған соң іргелес жатқан аудандардың біріне мал шаруашылығы әкімі болып барды. Халқы көп, шамамен Өскемен маңайындағы Глубокое ауданымен пара-пар. Тұрмыс түзеле бастаған 1965-жылдары Дүрбілжіңде тұтас Қытайды қамтыған «мәдениет төңкерісі» басталды. Оқыған-тоқыған кадрлардың соңына шырақ алып түсті, – деді ол.
Көзі ашық адамдарды сүт бетіндегі қаймақтар десек, қатал өкімет қаймақты қазанның түбіне де қырып алған. Бейсенғали Садықанұлына тағылған айып – советтің тыңшысы. Айтуларынша, Кеңес Одағы барлау мақсатымен Қытайға арнайы жіберді. Жаза ретінде мал шаруашылығы әкімі қызметінен егіншіге дейін түсіріп тастайды. Онымен шектелмей, ауылдардың біріне апарып, айдауға жіберіпті. Ауыр жұмыстың бәрін ақын-жазушыларға артып, қыстың көзі қырауда мал бақтырды. 1965-жылы басталған төңкеріс 1978-жылға дейін жалғасқан. «Он жылдық ойраны» деп түйінделіп, 1980-жылдың басына қарай тіршілік қалыпқа түсе бастайды. «Жаңылдық, ренжімеңіз» деп кешірім сұрап, зейнет демалысына шығарған.
– Өзім 1954 жылы өмірге келгем. Төңкеріс басталғанда небәрі 10 жаста болдым. Әкем 2001 жылы 90 жасында дүниеден қайтты. «Шеттің шегесінің ұлы» деп мені қоса сүйрегендері тағы бар. Қуғында жүргенде үйлендім. Менің де қолымнан қолөнер келетін. Ағаштан бұйымдар жасап, табыс көзіне айналдырдым. Ат жалын тартып мініп, ер жеткенде әкеммен бірге мен де ауыр жұмысқа жегілдім. Егін суарғанда, шөп шапқанда, арба жетектегенде мені айдады, – деді Мұрат Бейсенғали.
«Айыптысың» деп тау асырып, мал бақтырғанда малшыларға лашыққа ұқсас баспана берілген екен. Өгіз шанаға отырған жігіттер қалың қарға із салып, үйінен жырақтайды. Алып барған нанды талғажау етіп, мұз ерітіп, шай қайнатты. Шанаға отын тиеген соң бір жарым тәулік өткенде қайта оралады. Сөйлеп отырып қария бас шайқады.
– Осы күні соны ойласам, «жанымыз неткен берік», «қалай өліп кетпедік екен?» деп санам сан-саққа кетеді. Сонда киетініміз – пима. Үйге келгенде аяғыңда жан бар ма, жоқ па білмейсің. Жұбайым далаға шығарып, орындыққа отырғызады да, пимаға шәугіммен қайнаған су құяды. Сіресіп қалған аяқ киім сәл жібігенде аяғымды суырып аламын. Жансызданған аяғым неғып үсімеді деп ойлаймын, – деді қария отты көзін бір нүктеге қадап.
Аз уақыттан соң жұбайы Бишан Ырыстайқызына да тергеу ноқтасын кигізді. Олар кедейдің қызы совет тыңшысының ұлымен көңіл жарастырды дегенді алға тартып, саяси тұрғыда жағдайды тым шиеленістіріп үлгерген.
«Сөйтіп барып қиыншылық көрген адамбыз, қарағым, ей» деген Мұрат Бейсенғали кеседегі жылы шайып ұрттады.
Ақынның жұмбақ ажалы
Манадан бері көп дүние айтылғандай еді. Сөйтсек, ол кісі әңгіме тиегін әлі толық ағытпаған да екен. «Шырағым, таңды таңға жалғап та сөйлесуге болады. Мен негізгісін айтайын» деп тілшінің уақытын алмауға тырысқандай. Содан тағы бір оқиғаға тоқталды.
– Кәрібай деген ақын болды. Әкелеріммен бірге жүретін. Маусымбай Сабанұлы деген шежірешіні айтып едім, бәрі замандастар. Кеңшілік заманда Қытай мен екіортадағы сауда ерекше қызып тұрған. Әкем қасында бір адаммен Қытайға барып, сауда жасап, шекарада көптің көзіне көрінбей тірлігін жасап жүрген. Осындай қауырт шақ күзде де басылмайтын. Қытайға тағы бір барып келейік деп асулардың бірінен асады екен үшеуі. Төңірек биік жоталар. Ортада жыра, совет шекарасы дөңестеу жерден тартылған. Ары жақта Қытай шекарасы да тауда орналасқан. Аралық оқ жетім жер, – деді кейіпкеріміз.
Күні бойы салт аттан түспегені бар, жол ұзақтығы да шаршатқан болуы керек, Кәрібай ақын қас қарайғанда бел жазып отыруға қолқа салған. Үш адам сол жерде түнеп, күн алқызыл түске боянып, атып келе жатқанда оянады. Мұрат Бейсенғали ақынның сол кезде малдас құрып, Қазақстанға қарап тебіреніп отырған сәтін айтты. Бейсенғали Садықанұлының жолдасы аттарды етекке түсіріп арқандап қойыпты. Аз уақыт өткенде алыс жолға қам жасап, үш қылқұйрықтыны алып келеді. Ерттеп болып, «Жә, ақсақал, жол жүрейік» деп үн қатқан екен. Кәрібай ақын Қазақстан жақтан әлі көз алмай отыр. Ойға шомып отырып, «Еее балаларым, ендігіде бұл жаққа қайтып ораламыз ба, жоқ па – бір Құдайға аян. Мен бір шумақ өлең оқиын» деп жөткірініпті.
Ерте жарықта жетіп алуды жөн көрген екеу әуелде қарсылық білдіргендерімен, ақсақалды райынан қайтаруға тырыспаған. Сонда:
Мен келдім, Тарбағатай тағы асқалы,
Бойыма демімді алып, таң асқалы.
Құрылды аспанға тор, жерге қақпан
Құтылар ер жігіттің бағы асқаны... депті.
Осыны айтып болғаны сол еді, қарсы беттен кеңес өкіметінің төрт солдаты байқап қалып, қару кезеген. Үш адамның ары өткелі тұрғанын көрген олар ойланбастан оқ жаудыра жөнелді. Кәрібай ақынның аты ғана жотада ерттеулі тұрған. Мінгені сол еді, қарша бораған оқтың бірі арқасына тиді. Ақсақал шалқасынан түскенде Бейсенғали Садықанұлы мен серігі дереу жетіп, алып кетуге ұмтылған.
– Жә, тастаңдар мені, қарақтарым. Амал жоқ енді, қайтеді? Екеуі жыраға қарай түсіп, аттарына мінген күйі қашқан. Біршама уақыт тал арасын тасалап, әліптің артын бағып жатты. Кеш батып, ақсақалдың денесін алып кетейік деп сол жаққа барғанда ақынның денесін таппай қалады. Оны солдаттар әкетті ме, басқа біреу көріп қалды ма, жоқ, біреу жерлеп кетті ме – беймәлім. Әкем мен серігім аңтарылып біраз тұрды да, Шәуешекке қарай кеткен, – деді қария.
Бейсенғали Садықанұлы естеліктерінде өзі секілді қудалауға түскен ұлына бұл жайлы жиі айтқан екен. Көңіл қоңырауы осыны еске салып, «ақсақалды құтқара алмадыңдар» деп маза бермеген көрінеді. Ақынның жұмбақ ажалы Мұрат Бейсенғалиді де ойға шомдыратын секілді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Жалғасы бар
Фотосуретте Мұрат Бейсенғали жұбайы Бишан Ырыстайқызымен
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер