
Еліміздегі балық түрлері ең көп кездесетін өңірдің бірі Шығыс Қазақстан десек артық емес. Сондықтан болар бұл сала қашан да өлке экономикасының дамуына айырықша ықпал етіп келеді. Аймақта бүгінгі күні балық өсіру қарқыны мықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірдегі 20 ірі шаруашылық жылына 70 миллион дана шабақ өсіреді. Тауарлы балық өнімінің көлемі артып жатыр. Сала мамандарының мәлімдеуінше, 2030 жылға қарай осы санатта облыста әр маусым сайын 10 мың тоннаға жуық балық өндіру жоспары тұр. Балық шаруашылығының осылай ілгерлеуіне осы салада аянбай тер төгіп жатқан мамандардың үлесі зор. Әсіресе қиын қыстау кезеңнің өзінде балықты өсіруге, өндіруге кәсіби деңгейде атсалысқан ардагерлердің еңбегі бір төбе. Бүгінгі әңгіме кейіпкері -балық шаруашылығын дамытып, өлкедегі ихтиофаунаны түрлендіруге барын салып, соған жастық шағын арнаған еңбекқор жандардың бірі, ардагер маман «Балық шаруашылығы саласына еңбегі сіңген қызметкер» Айгүл Шелекбаева сондай үлгі аларлық кәсіби маман.
КӨКШҰБАРДЫ (РИПУС) БҰҚТЫРМАҒА АЛҒАШ ӘКЕЛГЕН МАМАН
Айгүл Шелекбаева өмірінің 50 жылға жуық уақытын балық шаруашылығына арнаған жан. 1975 жылы Ресейдің Астрахань қаласындағы «Балық шаруашылығы техникалық институтын» аяқтаған ол, алдымен «Зайсан балық комбинатында, кейін "Зайсан.Рыб.Пром" өндірістік бірлестігінде әр түрлі жоғарғы техникалық және инженерлік лауазымды жұмыс істеді. Қашанда өз ісіне жоғары жауапкершілікпен қараған ол, әріптестерінің алды болды. Тиянақтылық пен қызметіне деген адалдықтан болар, жас маманға ауқымды әрі маңызды міндеттер жүктелді.Соның бірі Қазақ ССР «Ғылыми зерттеу институты мамандары тарапынан берілген ұсынысқа сай, Зайсан көлінің Бұқтырма су қоймасына көкшұбар балығын жіберу туралы тапсырма еді. Айгүл Қалтайқызы сол күндерді әлі күнге дейін жадында сақтап келеді. Өйткені жас маман үшін бұл қызмет бабындағы үлкен талап әрі сын еді. Тарыдай-тарыдай миллиондаған дана шабақты Петропавлск қаласынан тікұшаққа тиеп жеткізуге кез-келген адамның бел шешіп кіріспесі анық. Өйткені бабын тауып, ебін білмесе еңбек еш кетіп,шығын шаш етектен болуы ықтимал еді. Бірақ Айгүл Қалтайқызы бұл жұмысты жұп-жұмыр етіп орындап, ұжым алдында алғысқа бөленді.
-Көкшұбар (рипус балығы) ол кезде Бұқтырмада болмаған еді. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Зайсанның бұл су қоймасы осы балық түрін дамытуға тиімді екенін дәлелдеді. Өйткені бұл балықтар суықты жақсы көреді.Демек Бұқтырманың суы оларға майдай жағады.Жем базасы да жақсы. Сондықтан оны әкелу маған жүктелді. Сөйтіп тікұшақпен елдің солтүстігіне яғни бұрын соңды барып көрмеген өлкеге аттанып кеттім. Ол жақтағы мамандардың көмегімен миллиондаған дана шабақты полиэтилен қапқа шөміштеп санап салдық. Ол қаптарды оттегімен толтырып, сол күйі осы Бұқтырмаға әкелдік.Жол бойы суық температура сақталу керек болды. Балықтар баппен жету үшін өзімізге де сол суыққа шыдауға тура келді. Бұл жақта жағада ғалымдар бар, балық инспекторлары бар, экологтар бар бір топ бригада көкшұбарды суға жіберілуін қадағалды.Сөйтіп Бұқтырмаға алғаш рет осы балықты жіберіп, ихтифаунасын түрлендіруге үлес қостым,-дейді Айгүл Шелекбаева.
Бүгінде сол мәпелеп жеткізілген көкшұбар көбейіп, кәсіптік балық түріне айналды.Айгүл Қалтайқызы бұдан кейін де бірнеше осындай балықтандыру шараларын мүлтіксіз орындады. Жоғары кәсібилігі арқасында талай күрделі жобаларды іске асырды. Ол жас мамандарға өз заманындағы әріптестерінің еңбекқорлығын, бір-біріне деген жанашырлығын, үлкенге деген құрметтін әңгіме етуден жалықпайды. «Тек бірлігі жарасқан,сыйластығы жоғары әрі жауапкершілік пен талап үдесінен шыға білген ұжым ғана нәтижелі жұмыс көрсетеді-,дейді ол. Айгүл Шелекбаева 2005 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясында ихтиологиялық мониторинг бөлімінде еңбек етті. Бүгінде ардагер ихтиолог бейнетінің зейнетін көріп отырса да, балық шаруашылығын жүргізуге қатысты әр өзгерісті қалт жібермейді. Ол балық шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР АШМ министрінің "Өз мамандығының үздігі" дипломымен, ҚР қоршаған орта қорғау министрлігінің "Экология саласының үздігі" төс белгісімен, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігінің "Балық шаруашылығы саласына еңбегі сіңген қызметкер " сынды атақтармен марапатталған. Майталман маманның еңбек жолы ізінен ерген талай жасқа үлгі-өнеге болмақ.
Автор: Раяна Аслан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер