A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 18:45 0

Өскеменде қайырымдылық форумы өтті

Бүгін / Өскемен

Облыс орталығында аутизм спектрі бұзылыстары бар және сөйлеу тілінің дамуы тежелген балаларды қолдауға арналған қайырымдылық форум өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына көмек көрсету, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Форум аясында ата-аналарға түрлі бағыттағы мамандармен ашық пікір алмасуға мүмкіндік берілді. Іс-шараға психолог, психиатр және өзге де сала мамандары қатысып, балалардың дамуы мен тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер бойынша түсініктеме берді.

Ұйымдастырушының айтуынша, мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі ерекше баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға тек медициналық немесе педагогикалық көмек емес, психологиялық және әлеуметтік қолдау да қажет.

– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше балалардың аналарын қолдау. Осы тақырып бойынша өзекті мәселелерді талқылап, ата-аналардың сұрақтарына жауап беру үшін әр саланың мамандарын жинадық. Психолог, психиатр және басқа да мамандар пікір алмасу алаңында өз тәжірибелерімен бөлісті. Осы арқылы ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап ала алады, – деді форумды ұйымдастырушы Ұлжан Шайпиева.

Форум жұмысына С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің мамандары да қатысты. Университет өкілдерінің айтуынша, оқу орнында инклюзивті білім беру бағыты бойынша мамандар даярлауға және ерекше балалар мен олардың ата-аналарына қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінеді.

– С. Аманжолов атындағы университет көп жылдан бері осы сала бойынша мамандар даярлау бағытында жұмыс істеп келеді. Бұл – аталған бағытта маман дайындаған оқу орындарының бірі. Статистика бойынша ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны артып келеді. Сондықтан ата-анаға да, балаға да қолдау қажет. С. Аманжолов университетінде «Dana Bala» орталығы ашылған болатын. Бұл орталық көп жылдан бері ерекше балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсету үшін жұмыс істеп келеді, – деді «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивтік білім беру орталығының өкілі Алима Алипова.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив