ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, өңірде алтын әшекейлерді ұрлаудың екі дерегі ашылды. Екі жағдайда да қымбат бұйымдар сауда орындарындағы сөрелерден ұрланған. Келтірілген жалпы шығын бір миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алғашқы оқиға Өскемендегі ломбардтардың бірінде болды.
- Ер адам бұйым сатып алушы ретінде әрекет етіп, сатушының назарын басқа жаққа аударған сәтті пайдаланған. Осы кезде ол құны 501 295 теңге болатын алтын алқаны қалтасына салып, алып кеткен. Бірнеше күннен кейін қаладағы басқа сауда орнында ұқсас жағдай қайталанды. Бұл жолы күдікті дәл осы тәсілмен құны 500 000 теңге болатын алтын білезікті ұрлаған. Арыз түскеннен кейін полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын жедел анықтады. Ол аудандардың бірінде тұратын 30 жастағы ер адам болып шықты, - делінген ресми мәліметте.
Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Пікірлер