A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 12:40 0

Өскеменде «Құқықтық диалог – қаржылық қауіпсіздіктің негізі» акциясы өтті

Бүгін / Өскемен

Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде азаматтардың қаржылық және ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Құқықтық диалог – қаржылық қауіпсіздіктің негізі» атты әлеуметтік акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Іс-шараны ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Антарес А» қоғамдық қорымен бірге ұйымдастырды. Оған қала әкімдігінің коммуналдық қызметтері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері қатысты. 
Жиын барысында мамандар қаржылық қауіпсіздік, интернеттегі алаяқтықтан қорғану және цифрлық гигиена мәселелеріне тоқталды. Қатысушыларға белгісіз нөмірлерден келген қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеу жөнінде кеңестер айтылды.
- «Заң және тәртіп» жобасы аясында кезекті іс-шараны өткізудеміз. Мақсатымыз – тұрғындардың қаржылық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алаяқтардан сақтану шараларынан хабардар ету. Акция барысында дропперлік алаяқтық, қаржылық пирамида туралы ақпараттар айтылды. Заман озып, технология дамыған сайын алаяқтық та белең алуда, - деді ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Жандос Бауыржанұлы. 
Дәріскерлердің берген ақпаратынша, қазір алаяқтар адамдардың сеніміне кірудің түрлі тәсілдерін қолданады. Оның ішінде қоғамдық орындардағы тегін Wi-Fi желілері арқылы азаматтардың деректерін алуға бағытталған қауіптер де бар.
– Бүгінгі іс-шарада қаржылық және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты маңызды ақпараттар айтылуда. Бөтен сілтемелерге өтпеу, белгісіз хабарламаларға жауап бермеу сияқты қарапайым ережелерді сақтау – алаяқтардың құрбаны болмаудың негізгі жолдарының бірі, – деді ұйымдастырушы Иван Сергеевич.
Сөзінше, мұндай түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде өткізу маңызды.
– Қазір мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені алаяқтықтың түрлері көбейіп, оған алданатын азаматтар да бар. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және ақпараттық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет, – деді ол.
Жиын барысында қатысушылар өздерін алаяқтық схемалардан қорғау, күмәнді ұсыныстарды ажырату және интернетте жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша пайдалы ақпарат алды. Кездесуге арнайы қонақ ретінде travel-блогер, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Туризм жөніндегі кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов қатысты.
Айта кетейік, мұндай акциялардың негізгі мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, цифрлық ортада қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив