A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 15:45 0

Өскеменде жаңартылған теміржол вокзалы ашылды

Бүгін / Басты / Өскемен

Өскемен-1 станциясының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жаңартылған вокзалдың ашылу рәсіміне «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Биыл облыста бес теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтті. Оның төртеуі - Шемонаиха, Риддер, Алтай қалаларындағы және Күмістау станциясындағы нысандар пайдалануға берілді. Өскемен-1 вокзалы да жаңартылып, жолаушыларға қайта есігін ашты.
– Бүгін шын мәнінде Шығыс Қазақстан үшін ерекше күн. Жаңа теміржол вокзалы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Ол көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, облысты еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Вокзалды жаңғырту жолаушыларға неғұрлым қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және инфрақұрылымды өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына бейімдеуге мүмкіндік береді. Өскемен-1 вокзалында күн сайын мыңдаған жолаушы қатынайды. Сондықтан олардың заманауи әрі жайлы қызмет түрлерін пайдалануы маңызды, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өскемен-1 станциясының вокзалы 1938 жылы салынған. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша ескі ғимарат толықтай бұзылып, оның орнына заманауи жаңа нысан бой көтерді. Вокзалдың жалпы аумағы үш еседен астам ұлғайып, 743 шаршы метрден 2,5 мың шаршы метрге жетті.
Вокзал күн сайын 2 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Өскеменді Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достықпен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы қатынайды.
– Өскемен-1 теміржол вокзалы жаңартылған түрде қайта ашылды. Жұмыс барысында инфрақұрылым, инженерлік жүйелер және қауіпсіздік нысандары жан-жақты қарастырылды, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Жаңартылған вокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және теміржол қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Нысанда жүргізілген жұмыстар оның инженерлік және қауіпсіздік жүйелерін заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Көлік министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив