A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 17:05 0

Өскемендегі Ана мен бала орталығында жаңа медициналық құрылғы іске қосылады

Бүгін / Өскемен

Бүгін «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Ана мен бала орталығының нейрохирургия бөліміне жоғары дәлдіктегі оталар жасауға арналған жасанды интеллект элементтері бар Remebot RM-200 роботтандырылған жүйесін жеткізуге арналған сертификатты табыстады. Іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Медициналық құрал-жадбық «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қайырымдылық қызметі аясында бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы сатып алынады.
– Балалар нейрохирургиясын дамыту – өңіріміз үшін маңызды бағыттардың бірі. Қазір Ана мен бала орталығының мамандары Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарынан келген балаларға күрделі оталар жасап, заманауи емдеу тәсілдерін қолданып келеді. Жаңа роботтандырылған жүйенің енгізілуі дәрігерлердің мүмкіндігін арттырып, өңірде бұрын болмаған жоғары технологиялық медициналық көмекті көрсетуге жол ашады,– деді Нұрымбет Сақтағанов.
Remebot RM-200 – жасанды интеллект технологиясы интеграцияланған нейрохирургиялық навигация және стереотаксикалық хирургияға арналған заманауи жүйе. Жабдық отаны алдын ала жоспарлауға, науқастың миының үш өлшемді моделін жасауға, хирургиялық араласудың қауіпсіз траекториясын анықтауға мүмкіндік береді.
– Қазақстандағы балалар ауруханаларының ішінде мұндай жабдық алғаш рет орнатылғалы отыр. Бұл жүйе стерео-ЭЭГ жүргізуге, эпилепсиялық белсенділік ошақтарын анықтауға және мидың терең құрылымдарына хирургиялық араласу жасауға мүмкіндік береді. Робот орнатылғаннан кейін мамандар арнайы дайындықтан өтіп, оталардың жаңа түрлерін енгізе бастайды, – деді Ана мен бала орталығы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Нариман Айдарханов.
Жабдықтың құны 433 млн теңгеден асады. Роботтандырылған манипулятор медициналық процедуралар кезінде субмиллиметрлік дәлдікті қамтамасыз етеді.
– «Самұрық-Қазына» АҚ қайырымдылық бағытында үш сала бойынша жұмыс жүргізеді. Олар инклюзия, спорт және медицина. Медицина бағыты бойынша елімізде 55 оңалту орталығын аштық. 2023 жылдан бері осы бағытқа 850 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал бүгін Remebot RM-200 жүйесін орнатуға сертификат табыстап отырмыз. Бұл балалар нейрохирургиясының дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз, – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Айта кетейік, жаңа жабдық орталыққа 10 қыркүйекте жеткізіледі. Ана мен бала орталығын және өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамыту жұмыстары облыс әкімдігі, денсаулық сақтау жүйесі, медициналық мекеме және серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылуда.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив