Облыс орталығында 1 қыркүйектен бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша жаңа тарифтер қолданысқа енгізілді. Қызмет ақысы шамамен 76 пайызға өсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Көпқабатты абаттандырылған үйлердің тұрғындары үшін ай сайынғы тариф енді бір адамға 757 теңге. Осыған дейін бұл сома 431 теңге болған. Ал жеке сектор тұрғындары үшін тариф 409 теңгеден 718 теңгеге дейін көтерілді.
Осылайша, абаттандырылған тұрғын үйде тұратындар үшін төлем бір адамға 326 теңгеге, ал жеке сектор халқына 309 теңгеге артты.
Айта кетейік, Өскеменде бұрынғы тариф 2022 жылдан бері қолданыста болған. Оның қайта қаралуына қалдықтарды жинау және шығару қызметін көрсететін кәсіпорындар шығындарының өсуі себеп болды.
- Осы уақыт ішінде жалақыға, жанар-жағармай материалдарына, қосалқы бөлшектерге, арнайы техниканы жөндеу және күтіп ұстауға жұмсалатын шығындар едәуір өсті. Қолданыстағы тариф кәсіпорындардың нақты шығындарын өтемейтін деңгейге жетті, - делінген ақпаратта.
Бұл мәселе қалада бірнеше ай бойы талқыланды. Мамыр айында Қоғамдық кеңес жаңа тарифтер жобасын қолдаса, 16 маусымда тиісті шешімді қалалық мәслихат бекітті. 1 қыркүйектен бастап жаңа тарифтер күшіне еніп отыр.
Пікірлер