Қала әкімі Алмат Ақышов қаладағы аялдамалардың жағдайына қатысты бірқатар шағым көтеріп, жауапты мамандарға нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күні кеше өткен аппараттық кеңесте аялдамалардың жағдайы талқыланды. Қала тұрғындары кейбір аялдамада адамдар түнеп, жарық пен жылу жоқтығына және жағымсыз иіске шағымданып жатыр. Осыған байланысты қала әкімі жауапты маманға қатаң ескерту жасап, мәселені бақылауға алуды тапсырды.
– Аялдамаларды жаңартып, жаңасын орнатамыз. Алайда оларға тиісті бақылау жүргізілмейді. Демек қызмет көрсету сапасы өте нашар. Мәселені қолға алыңыздар, – деді Алмат Ақышов.
Жиында жылыту маусымына дайындық пен қар тазалау мәселелері де көтерілді. Өңірде қыстың ерте түсуіне байланысты көшелерді күтіп ұстау және қар тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуі керек. Әкім барлық арнайы техниканы тексеріп, қысқы маусымға толық дайын болуды тапсырды.
– Әне-міне дегенше қыс мезгілі басталып кетеді. Барлық техниканы тексеріңіздер. Сақадай сай тұрсын, – деді Алмат Талғатұлы.
Бұдан бөлек, мектеп маңындағы жарықтандыру мәселесіне назар аударылды. Сондай-ақ қаладағы өзекті мәселелердің бірі – кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары. Бұл да жиында талқыға салынды.
– Кеміргіштер мәселесін дереу шешу керек. Дератизация жұмыстарын жалғастырамыз. Кейін аталған нысандарды аралап, жұмыстардың орындалуын тексереміз, – деді Алмат Ақышов.
Пікірлер