A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 16:05 0

Өскеменде Марқакөл ауданының мәдени күндері өтті

Бүгін / Өскемен / Марқакол

9 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл ауданының мәдени күндері өтті. Іс-шара барысында аудан жетістіктері мен ұлттық құндылықтарын таныстырған көрме ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл жобаның басты мақсаты – әр ауданның өзіндік ерекшелігін танытып, ауыл-аймақтағы таланттардың өнерін көпшілікке насихаттау. Танымдық іс-шара биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр.
Мерекелік шара алдымен көрмемен басталды. Көрмеге қолөнершілердің ұлттық нақыштағы бұйымдары, оюлы кілемдер мен картиналар, оқушылардың қолынан шыққан туындылар, ұлттық тағамдар және ауданның танымал өнімдері қойылды. Көрмеге келушілердің назарын ерекше аударған жәдігердің бірі – бауырсақтан жасалған қыздың мүсіні. Аудан әкімдігінің маманы Әсем Алексеевнаның сөзінше, «Бауырсақ қыз» көрмеге екінші рет қойылып отыр. Мүсінді жасауға бес-алты адам қатысқан.

 
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Ренат Құрмамбаев пен Айдар Садырбаев қатысты. Аудан әкімі Рүстембек Кемешевтің айтуынша, мұндай шаралар туған өлкенің тыныс-тіршілігін танытып қана қоймай, ауыл мен қала тұрғындарының арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
– «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл ауданының мәдени күндері өтуде. Осыған орай туған өлкеміз бен ауылдарымыздың тыныс-тіршілігін таныстыратын көрме әзірледік. Өнерпаздарымыз көрермендерге жаңа әндерін ұсынып, музыкалық және би қойылымдарын көрсетеді. Мұның бәрі ауыл мен қала тұрғындарын біріктіріп, бірлігімізді нығайта түседі, – деді аудан әкімі

 
Мәдени күндер барысында келушілерге ауданның танымал брендіне айналған «Ақжайлау» майы таныстырылды. Шарада ауыл шаруашылығымен қатар білім беру мен технология саласындағы жетістіктер де назардан тыс қалмады. Мәселен, Боран ауылындағы Қ. Нұрғалиев атындағы гимназияның 9-сынып оқушысы Ералы Серікбосынов өзі құрастырған роботтарын көпшілік назарына ұсынды.
Мерекелік іс-шара жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Өнер иелері ән мен биді ұштастырған әсерлі қойылымдарын ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив