Өскеменде кеміргіштердің таралуын болдырмау мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған контейнерлік алаңдарда дератизациялық жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл наурыз-сәуір айларында жүргізілген бірінші кезең аясында мердігер ұйым контейнерлік алаңдарға үш рет өңдеу жұмыстарын жүргізді.
Өскемен әкімдігі мәліметінше, дератизацияның екінші жоспарлы кезеңі қыркүйек-қазан айларына жоспарланған болатын. Алайда тұрғындар өтініштерін ескере отырып, жұмыстар 28 тамыздан бастап мерзімінен бұрын қолға алынды. Бұл кезеңде жеті күндік аралықпен кеміргіштерге қарсы уланған жемді үш рет орналастыру көзделген.
– Қосымша мердігер ұйымға 3-22 қазан аралығында контейнерлік алаңдар мен оларға іргелес аумақтарда дератизацияның үшінші кезеңін қайта жүргізу тапсырылды. Бұл кезең аясында да жеті күндік аралықпен уланған жемді үш рет орналастыру қарастырылған. Жұмыстар қажетті тиімділік көрсеткішіне қол жеткізілгенге дейін жалғасады, – делінген ақпаратта.
Әкімдік өкілдері кеміргіштермен күресудің тиімділігі тек контейнерлік алаңдар мен оларға іргелес аумақтарды өңдеуге ғана емес, көппәтерлі тұрғын үйлердің жертөлелерінде де жалғасатынын алға тартты.
– Аталған үй-жайлар кондоминиумның ортақ мүлкіне жатады. Сондықтан олардың тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз ету, сондай-ақ кеміргіштердің таралуына жол бермеу шараларын қабылдау міндеті кондоминиум объектісін басқару органына немесе үйді күтіп-ұстауға жауапты тұлғаға жүктеледі, – делінген ақпаратта.
Жауапты тұлғалар тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін аталған аумақтар мен үй-жайларда кешенді дератизациялық жұмыстар жүргізіп, кеміргіштердің таралауына мүмкіндік беретін орындарды жою қажеттігін айтты.
Пікірлер