A+ A A-

talgatzhan 1 Кеше, 22:00 0

Өскеменде ақын Серік Құсанбаевтың шығармашылық кеші өтті

Бүгін / Өскемен

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін бас жүлдегері, әрі журналист Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айтыс пен әдебиет біте қайнасып жатқан бағыттар. Екеуінде де қазақтың болмысы мен ұлттық нақыш, руханият пен көркем сөз рең береді. Әдебиеттің ауылын аралай жүріп, журналистикада да өндірте жазған жерлесіміз Серік Құсанбаев филармонияға кіріп келгенде-ақ осы кешке артынып-тартынып дайындалғаны аңғарылды. Жүзінде жылылық, бойында жинақылық қатар көрініс берді. Оның замандастары мен шығармашылық жолынан хабардар көпшілік әуелде естелік суретке түсіп, артынша межелі уақыт, яғни сағат тілі 15:00-ді көрсеткенде залға кірді. Ине шаншар орын болмады десек, әсірелеп жіберетін сияқтымыз. Әр мекемеден «массовка» шақырып, зал толтырғаннан гөрі шын тілеулес жандардың жиналғаны да дұрыс па дедік. Риясыз әсер мен шынайы көңіл күйді көрген де қуаныш екен. Тағы бір жайт, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ақынын қолдап, арнайы келді. Иығына шапан жауып, құрметін көрсетті.
– Өр Алтайдың өр мінезін, халықтың арман-мұратын жырға қосып, әділдікті ту етіп, ел намысын асқақтата білдіңіз.
Осылайша, айтыстың ақтаңгері атанып, қазақ сөз өнерінің тарихында өзіндік қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Айтыскер ақын, жыршы-термеші, әрі қаламгер-журналист ретіндегі сан қырлы талантыңыз қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. «Байғыз», «Жырлаумен өткен 20 жыл», «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» және «Байбура ашуы» атты туындыларыңызда заман тынысы мен елдік мұрат көрініс тауып, оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Аймақ басшысы Серік Сәдуақасұлының жас ақындарға тәлім беріп, айтыс дәстүрінің сабақтастығын сақтауға елеулі еңбек сіңіріп келе жатқанын да атап өтті.
– Бұл – бабалардан жеткен асыл мұраны келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы өнегелі іс. Сіздің шығармашылық жолыңыз –  туған жерге деген перзенттік сүйіспеншіліктің, ұлттық құндылықтарға адалдық пен елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Бұдан соң кезек концерттік нөмірге беріліп, артынша ақындар айтысы бөгеуін ағытты. Павлодардан келген Аспанбек Шұғатаев пен кеш жүргізушісі Қуаныш Еркін қалжыңды да, басқосу маңызын да кестелі сөзбен шебер жеткізді. Бірін-бірі өткір қалжыңмен түйреп, меймандарды бір серпілтті. Сөз арасында Серік Құсанбаевтың ақын ретіндегі де, журналист ретіндегі де еңбегін қамтыды. Қалай десек те Бекарыс Шойбеков, Аспанбек Шұғатаев секілді «Алтын домбыра» иегерлерінің ой орманы өзгеше, ұйқасты да, сөз ойнатуды да өз деңгейінде тізбелейді.
Павлодардан келген дәстүрлі әнші Салтанат Кисатова да Серік Құсанбаевқа деген құрметін білдіріп, амандығын тіледі. Көпшілік алдында ән шырқап, Керекудің сәлемін жеткізді. Одан соң ақынның өзі сахнада өлеңдерін оқып, оның жазылу тарихы мен әдебиет әлеміндегі қызықтарымен бөлісті.
 
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі



Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив