Қазақстанда педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар тізімін 25-тен 5-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жүктемені азайту және олардың қоғамдағы мәртебесін нығайту – өзекті мәселелердің бірі.
2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізімі бекітілген. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мұғалімдерді артық есептіліктен арылту мақсатында бұл тізімді бес құжатқа дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Олар:
1) сабақ жоспары;
2) үлгерімді онлайн журналда толтыру;
3) қосымша білім беру педагогтері үшін сабақтан тыс жоспарын есепке алу журналы;
4) сынып жетекшелеріне арналған «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспары;
5) сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме.
Тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұстаздың білім беруіне кедергі келтіретін басы артық жұмыстарды доғару керегін айтқан еді.
Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздарды қорғау мен қолдау Президенттің айрықша назарында екенін жеткізді.
Пікірлер