Әуежай Зайсан қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Сәтбай ауылының маңындағы бұрынғы әскери әуеайлақ базасында бой көтермек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрылыстың ресми басталу рәсіміне ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев қатысты.
- Әуежай құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген соң Қытайдың Үрімші, Алтай және Қанас қалаларына халықаралық бағыттар ашу жоспарланған. Астана, Алматы және Өскеменге қатынайтын ішкі бағыттар тұрақты әуе байланысын қамтамасыз етіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ел тұрғындарының жүріп-тұруын жақсарта түспек, - деді ол.
184,5 гектар жерді алып жатқан учаске географиялық және метеолорогиялық жағдайды, логистикалық қолжетімділікті ескере отырып таңдалды. Жобаны отандық компания қолға алып, оған шамамен 30 млрд теңге қарастырылған.
Онда ұзындығы 2200 метрді құрайтын ұшу-қону жолағы салынады. Бұл Bombardier Q400, ATR-72 сынды заманауи әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір ATR-72 ұшақтарын сатып алу мәселесі пысықталуда.
Жоба аясында 4 әуе кемесіне арналған перрон, сағатына 150 жолаушыға дейін өткізу қабілеті бар 4000 шаршы метрлік заманауи аэровокзал, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар қарастырылған.
Осылайша, жаңа әуежай аймақта туризмнің, көлік-логистикалық жүйесінің дамуына ықпал етіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға үлес қоспақ.
Айта кетейік, Зайсанға жыл сайын шамамен 23 мың турист келеді. Әуежай іске қосылғанда бұл көрсеткіш 136 мыңға дейін өседі деп күтілуде.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер