
Қолға алынатын бастамалар: Алтай ауданын биыл қандай өзгерістер күтіп тұр?
Сайт редакциясы өңірдегі әр, қала ауданда осы жылы қандай өзгеріс болатындығы жайлы материалдар легін ұсынуды қолға алды. Осы мақсатта алдымен өңірдегі өнеркәсіптің ошағы – Алтай ауданының әкімдігіне ресми сауалхат жолданды. Ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен биыл қолға алынатын жобалар жайлы әкімнің орынбасары Жанна Асқарова баяндап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа нысандар ашылады
Белгілі болғандай, Жылан жылында аудан үшін маңызды әлеуметтік объектілердің құрылысы аяқталады. Осылайша, жұрт асыға күтіп жүрген білім ордасы мен аурухана есігі айқара ашылмақ. Оның ішінде Жаңа Бұқтырма кентіндегі 200 орындық мектеп, Октябрьский кенті мен Тұрғысын ауылындағы қос дәрігерлік амбулатория бар. Бұдан бөлек, жылу, ауызсу мен кәріз жүйелерін қалпына келтіру көзделіп отыр.
- Мемлекет басшысының халықты 100% таза ауызсумен қамту тапсырмасына сәйкес ауылдарда 2 жобаны жүзеге асыру жалғасады. 46 елді мекеннің 24-інде орталықтандырылған су қолжетімді. Оның ішінде Алтай және Серебрянск қалалары бар. 20 елді мекен орталықтандырылмаған су құбырымен қамтамасыз етілген. Яғни, онда блокты-модульдік станциялар орнатылған. Ал Малеевка және Путинцево ауылдарында биыл су құбыры желілерін салу жобаларын іске асыру жалғасуда, - дейді Алтай ауданы әкімнің орынбасары Жанна Асқарқызы.
Жол жағдайы жақсара ма?
Ойқы-шойқы жолдар Алтай ауданының тұрғындары үшін де таңсық емес. Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы жылы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар мен Алтай, Серебрянск қаласының көшелеріне, елді мекендерге орташа мерзімді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
- Алтай қаласындағы Шолохов, Труд, Рудная көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аула аумақтары абаттандыралды. Қолданыстағы балалар алаңдары қалпына келтіріліп, тағы екі жаңа алаң салынады. Серебрянск қаласында да көшелерді орташа жөндеу және балалар алаңын орнату жұмыстары жүргізіледі. Ал Жаңа Бұқтырма кентіндегі аулалар тазартылмақ. Сондай-ақ Средигорный, Никольский және Северный ауылдық округтерінің көшелері жөнделеді, - деді Жанна Асқарова.
Бұдан бөлек, елді мекендердегі көшелерді жарықтандыруды жөндеу биылғы жоспарға енгізілді.
Айта кетейік, былтыр Алтай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі 27 пәтер сатып алды. Бұл баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтары мен ақ халаттыларға бөлінген. Игі бастама биыл да қолға алынбақ. «Бірқабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған үйлердің құрылысы мен оларды сатып алу жоспарда бар.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, Жаңа Бұқтырма кентінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ескерткіш аумағы абаттандырылып, Серебрянск қаласындағы ҰОС қатысушыларына арналған ескерткіш жөндеуден өтеді.
Байланыс сапасы сын көтере ме?
Тұрғындар үшін тағы бір өзекті мәселе – ғаламтор сапасы. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызының сөзінше, 44 ауылдық елді мекеннің 27-сі 3G және 4G интернет желісіне қосылған.
- 14 елді мекен 5 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы 4G және ұялы байланыспен, 15 елді мекен 1 Мбит/с-тен 5 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен 3G, 4G және ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. 17 елді мекенде 2G ұялы байланысы қосылған. Ауылдарды интернетке мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Шығыс Қазақстан облысы әкімі 2027 жылға қарай елді мекендерді ұялы байланыс операторларымен, интернет желілерімен қамтамасыз ету жөнінде «Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде интернетке жоғары сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз етудің жол картасын» бекітті, - дейді ол.
Осылайша, Быково ауылында жергілікті бюджет есебінен анетенна-діңгек құрылысы (АДҚ) аяқталды. Қазіргі таңда ұялы операторлармен шарт жасалуда.
Былтыр «Кар-Тел» ЖШС ұялы байланыс операторларының есебінен 5 АДҚ мәресіне жетті.
2025 жылы дәл осындай 9 АДҚ салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, жергілікті бюджет есебінен Бородино ауылында біреу, Өскемен-Алтай-Шірікқайың республикалық тасжолының бойында 8 АДҚ орнатылады. Қазіргі уақытта 6 жобаның сараптамалық қорытындысы шықса, 2 жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Кең көлемде тойланады
2025 жыл тарих пен мәдениет үшін ерекше саналады. Биыл елде бірқатар тарихи оқиғаның, ұлы тұлғаның мерейтойлары мен мемлекет үшін маңызды күндер атап өтілмек. Алтай ауданы әкімдігінің ақпаратынша, басты мерейтойлық даталар мен атаулы күндер назардан тыс қалмайды.
Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында көршілес Самар, Үлкен Нарын, Ұлан және Катонқарағай аудандарынан келген делегациялардың қатысуымен «Аяулы бейбітшілік пен келісімге 30 жыл» ауданаралық форумы ұйымдастырылады. Достық үйінің ұлттық орталықтары мен өлкетану залына экскурсия жасалып, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл: тәжірибе мен практика» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді.
Бұдан бөлек, білім ордаларына экскурсия жасалып, Әжелер шеберханасы ашылады. «Горняк» мәдени-демалыс орталығында көрме және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бейбітшілік пен келісім жолына 30 жыл» атты концерт өтеді.
Бір айта кетерлігі, Алтай ауданында жыл сайын «Миргород-2025» аудандық шығармашылық фестивалі ұйымдастырылады. Игі дәстүр маусым айында Жаңа Бұқтырма кентінде жалғасын таппақ. Оған ауданның шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары қатысады.
Ал шілде айының бірінші онкүндігінде аталған фестивальдің ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, жергілікті ақын әрі жазушы, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Александр Егоровты еске алуға арналған XVIII «Алтын Тұрғысын – 2025» халықаралық өнер фестивалі өтеді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер