Республикалық деңгейде өтіп жатқан «Ұлттық диктант» акциясына сот саласының өкілдері белсене қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл - мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге, тіл мәдениетін нығайтуға бағытталған республикалық мәдени-ағартушылық жоба.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара биыл да кең ауқымда өтіп жатыр. Қатысушылар берілген мәтінді жазу арқылы өз білімін сынап, қазақ тілінде сауатты жазу дағдысын пысықтады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, диктант - тек емле мен грамматиканы тексеру құралы ғана емес, тілге деген құрмет пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды іс-шара.
- ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен республикалық диктант ұйымдастырылуда. Бұл акция азаматтық жауапкершілікті арттырып, тіл мәдениетін дамытуға ықпал етеді. 13 қазаннан бері 1500-ге жуық әскери қызметші мен түрлі сала маманы қатысты. «Ұлттық диктант» 13 қарашада аяқталады, - деді Шығыс Қазақстан Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова.
ҚР Сот әкімшілігінің ШҚО бойынша департаменті Құжат айналымы бөлімінің басшысы Әсел Еділқызының айтуынша, мұндай бастамалар сот қызметкерлері үшін ерекше мәнге ие.
- Диктант тек сауаттылықты арттыру құралы ғана емес, сот қызметкерлерінің республикалық деңгейдегі мәдени-ағартушылық іс-шараларға белсенді қатысуын, жауапкершілігі мен кәсіби дамуға ұмтылысын көрсетеді. Бұл өз кезегінде тәжірибе алмасуға және тіл мәдениетін нығайтуға зор мүмкіндік береді, - деді Әсел Еділқызы.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер