
Өскеменде ғылым жөніндегі өңірлік кеңес отырысы өтті
28 сәуірде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Шығыс Қазақстан облысының Ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, өңірдегі өнеркәсіп өкілдері мен жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
- Өнеркәсіп, кәсіпорындар мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға барлық күш-жігерімізді саламыз. Біз инновацияларды ынталандыру жолымен тартып, жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тырысамыз, - дейді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Отырыста өңір үшін өзекті мәселелер талқыланды. Оның ішінде экономика мен өнеркәсіптің қажеттіліктерімен тығыз байланысты қолданбалы ғылымды дамытуға бағытталған ғылым және инновация саласындағы реформалар, технологиялық міндеттерді шешу және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ғылымды қажетсінетін технологиялар мен инновацияларды енгізу бойынша ғылыми ұйымдардың кәсіпорындармен өзара іс-қимыл тетіктері талқыланды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық жоғары оқу орындарының шетелдік университеттермен бірлескен білім беру және ғылыми жобаларының сәтті мысалдарын таныстырды. Атап айтқанда, АҚШ университеттерімен бірлескен үш ғылыми бағдарламаның іске қосылғанын, Козыбаев атындағы СҚУ мен Аризона университетінің бірлескен ғылыми жобасын атап өтті. Сонымен қатар Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Қытайдың серіктестерімен бірге «Лу Бан шеберханасы» аясында жүргізіп жатқан белсенді жұмыстарын тілге тиек етті.
— Енді біздің міндетіміз — университеттердің әлеуетін өндірістің нақты міндеттерін шешуге бағыттау. Өңірлік университеттердегі өсім нүктелерін ғылыми-техникалық мәселелерді шешуге пайдалану қажет, — деді Саясат Нұрбек.
Ол К.Сәтпаевтың мына сөзін мысалға келтірді: «Тек өндіріс өмірімен тығыз байланысқан, өндірістің дамуына көмектесетін әрі оны жоғары технологиялық деңгейге көтеретін ғылым ғана алдыңғы қатарлы ғылым бола алады».
2025 жылдың ақпан айында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында ҚР ҒЖБМ ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының тау-кен кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы» атты ғылыми-техникалық сессия өтті. Оған «KAZZINC» компаниясының өкілдері қатысты. Сессия нәтижесінде сарапшылар тарапынан төрт ғылыми-техникалық тапсырма әзірленіп, оларды Ғылыми және ғылыми-техникалық кеңесте қарау және әрі қарай ҚР ҒЖБМ тарапынан қаржыландыру ұсынылды.
Шара аясында «Қорғаныш және функционалды жабындар» жастар ғылыми орталығы ашылды. Орталықтың зерттеу бағыттары: болат пен қорытпаларды плазмалық азоттау және ультрадыбыстық әсер әдістерімен өңдеу, доғалы металлизация, магнетрондық және ауа-плазмалық бүрку әдістерімен жабындар түсіру, сондай-ақ материалдардың бетін өңдеуге арналған өнеркәсіптік технологиялар мен құрылғылар әзірлеу.
Өңірлік ғылыми кеңестер ғылым, өндіріс, бизнес және мемлекеттік құрылымдар арасында тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, өңірлік деңгейде ғылыми міндеттер мен басым бағыттар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Индустриясы дамыған, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындары арасында тарихи тығыз байланыс орнаған Шығыс Қазақстан облысы үшін Өңірлік ғылыми кеңестің жұмысы қолданбалы ғылым мен инновацияларды дамытуда маңызды рөл атқарады.
- ШҚО - инновацияны бастамашы облыстардың бірі. Алғаш рет жоғары оқу орындары да осы жерде ашылды. Бізде атом, энергетика өнеркәсібі де жақсы дамып келеді, - дейді ҚАЕУ ректоры Ержеп Мәмбетказиев.
Жиын соңында ШҚТУ білім ордасындағы ғылыми кабинеттің ашылу салтанаты өткізілді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер