Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып тұрған Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен WBA чемпионы Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) арасындағы жылдың басты жекпе-жегі ресми түрде өтпейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Бокс федерациясы да ресми ақпарат таратты.
- 6 желтоқсанға жоспарланған айқасқа үш күн қалғанда, Жәнібек Әлімханұлының тестінен мельдоний анықталғаны белгілі болды. Жәнібектің ең маңызды жекпе-жегі тоқтатылды, - делінген хабарламада.
Бұл туралы ақпаратты алғаш болып The Ring журналисі Майк Коппингер жазды. Дәл сол сәтте мәселаның қаншалықты күрделі екені белгісіз еді. Бірақ 20 минут өтпей жатып ESPN тілшісі Дэн Рафаэль жағдайдың өте ауыр екенін растады.
Ол VADA ұйымының ресми хатын жариялап, онда Жәнібектің тыйым салынған затқа «екінші үлгіде» (қайта тапсырған тестте) оң нәтиже көрсеткені айтылады.
Кейін Жәнібектің өзі допинг қолданғанын жоққа шығарып, «Мен әрқашан таза спорт үшін күрескенмін, бәріңіз бұны жақсы білесіздер. Жаңалықты оқығанда қатты таңғалдым. VADA алғашқы тесттің таза екенін айтты. Мен ешқандай дәрумен қабылдау тәртібін өзгертпедім. Екінші тестте не болғанын білмеймін, сондықтан толық қайта тексеруді талап еттім» деп жазды ол өзінің Х парақшасында.
Ал қазір ұйымдастырушылар Лараға басқа қарсылас тауып үлгерген. Жекпе-жек тоқтатылған соң Лараға шұғыл түрде жаңа қарсылас белгіленді. Оның орнына венесуэльалық Йохан Гонсалес (36-4, 34 KO) шығатын болды.
Ол биыл 1 наурызда бірінші орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Джарретт Хердті жеңіп, сенсация жасаған еді. Ал Херд кезінде Эрисланди Лараны ұтқан.
Пікірлер