Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады, яғни орта есеппен тәулігіне – екі әйел. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде акушер-гинеколог, профессор Жанерке Ажетова мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
2025 жылғы дерек бойынша, елордада репродуктивті жастағы мыңнан астам әйел жатыр мойны обыры диагнозымен есепте тұр, ал жыл сайын 120-дан астам жаңа жағдай тіркеледі. Жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы қатерлі ісіктердің ішінде сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр.
– Адам папиллома вирусын (АПВ) жұқтырғандардың басым бөлігі өзінде инфекция барын білмейді. Бұл обырға дейінгі өзгерістерді кеш анықтауға және аурудың асқынуына әкеледі, - деді Жанерке Ажетова.
Маманның айтуынша, АПВ тек жыныстық жолмен ғана емес, тұрмыстық-қатынастық және анадан балаға да жұғуы мүмкін. Вирустың ұзақ уақыт белгісіз өтуі әйелдердің өз денсаулығына немқұрайды қарауына себеп болып, қатерлі ісікке шалдықу ықтималдығын арттырады.
Еске салайық, бұған дейін елімізде бір жылда 43 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталғанын хабарлаған едік. Қазір ел бойынша қатерлі ісікпен өмір сүріп жатқан адамдар саны 246 мыңнан асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,6%-ға көп.
Пікірлер