A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 15:50 0

Ұлттық волонтерлік желі өкілдері қазақстандықтарды жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырды

Бүгін / Республика

9 ақпанда Астанада Ұлттық волонтерлік желі «Жаңа Конституция жобасын талқылау және қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Іс-шараға елдің барлық өңірінен волонтерлік ұйымдардың өкілдері, өңірлік волонтерлік фронт-офистер мен бастамашыл топтар, серіктестер офлайн және онлайн форматта қатысты.
Кездесу барысында волонтерлік сектордың жаңа Конституцияны талқылауға қатысуы, үкіметтік емес ұйымдардың халықты ақпараттандырудағы рөлі, қоғамдық диалогты дамыту және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Ким Вера Александровна Конституция жобасын әзірлеуге азаматтық қоғамның қатысуының маңызын және Конституциялық комиссия жұмысының ашықтығын атап өтті.
- Конституция қоғаммен диалог негізінде қалыптасуда, жабық режимде емес. Жаңа Конституция жобасымен алты ай жұмыс істеу барысында азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялардан және сарапшылардан шамамен 4 мың ұсыныс түсті. Бұл қоғамның енді пассивті бақылаушы емес, саяси үдерістердің толыққанды қатысушысына айналып келе жатқанын білдіреді, — деді Вера Ким.
Оның айтуынша, жаңа конституциялық институт — Халық кеңесін енгізу қоғамдық қатысуды нығайтудағы маңызды қадам болмақ. 
- Бұл мемлекет пен қоғам стратегиялық даму бағыттарын бірлесіп талқылайтын модельге көшу. Қоғам тек талқылау құқығына ғана емес, заң шығару үдерісіне ресми түрде бастамалар енгізу мүмкіндігіне ие болады, — деп атап өтті ол.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Джумурбаев Тимур Габдулович жаңа Конституцияның Қазақстан жастары үшін ерекше маңызын атап өтті.
- Қазақстан жастары үшін жаңа Конституцияны қабылдау — аса маңызды қадам. Өйткені оның маңызы бүгінгі және болашақ ұрпаққа тікелей бағытталған. Адамға бағдарлану — жастардың әділ әрі қолжетімді өсу және даму мүмкіндіктерін ашатын жаңа Негізгі заңның басты логикасы, — деді Тимур Джумурбаев.
Ол сындарлы патриотизм, адами капиталды дамыту, білім мен инновация қағидаттарын бекіту жастардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, ел дамуындағы рөлін күшейтетінін атап өтті.
Өз кезегінде «Медициналық жастар» РҚБ төрағасы, медицина саласының волонтері Әбдіраш Абылайхан Әбдікерімұлы Конституция жобасының әлеуметтік және медициналық аспектілеріне тоқталды.
- Ұсынылып отырған Конституция жобасы адам өмірі мен денсаулығын мемлекеттік саясаттың өзегіне қояды. Отбасыны, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ денсаулық сақтау құқығын бекіту денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен қоғамдық денсаулықты нығайтудың берік құқықтық негізін қалыптастырады, — деді Абылайхан Әбдіраш.
Оның айтуынша, медициналық жастар бұл жобаны адамға бағдарланған, әлеуметтік жауапты мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағалайды.
- Жобаның тиімділігі оның іс жүзінде қалай жүзеге асатынына тікелей байланысты. Біз бұл нормалар нақты бағдарламалармен, жеткілікті қаржыландырумен және жас мамандар үшін қолайлы еңбек жағдайларымен қамтамасыз етіледі деп үміттенеміз, — деп қосты ол.
Дөңгелек үстел ашық талқылау және еркін пікір алмасу форматында өтті. Шара қорытындысында Ұлттық волонтерлік желі жаңа Конституция жобасын қолдау жөніндегі үндеуді жариялады.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив