Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Сондай-ақ пойыз бен ұшақ жолаушыларына да интернет қолжетімді болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Президент Қазақстан халқына Жолдауына үш жылда толыққанды цифрлық ел құру бойынша стратегиялық міндет қойған еді. Сондай-ақ 2026 жыл Жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған орай, Цифрлық кодекс жəне «Киберқауіпсіздік туралы» заң қабылданды. Биыл да цифрлық экономиканы нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленбек.
— Цифрлық экономиканың тиімділігі байланыс инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Былтыр осы бағытта барлық негізгі жоба іске қосылды. Жұмыстардың басым бөлігі биыл аяқталады. Атап айтқанда, қосымша 1900 ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қол жеткізеді. Келесі жылы мұндай ауылдардың үлесі 90 пайыздан асады. Барлық республикалық маңызы бар автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі, — деді Ж. Мәдиев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президент тапсырмасына сәйкес, былтыр желтоқсан айында барлық өткізу пункті интернетпен қамтылған.
— Биыл «Қазақстан темір жолы» жолаушылар тасымалының барлық негізгі бағытында интернет қолжетімді болады. Алғаш рет азаматтар отандық әуе тасымалдаушысы бортында интернетті пайдалана бастайды, — деді сала министрі.
Азаматтардың қажеттіліктерін өтеумен қатар, бұл цифрлық инфрақұрылым Қазақстанның аймақтық цифрлық байланыс хабы ретіндегі көшбасшылық рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
— Қазақстан аумағында Starlink салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болады. Мысалы, Тәжікстанға трафик биыл беріледі. Келесі кезекте — Моңғолия мен Қырғызстан тұр. Ал Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Өзбекстан қазірдің өзінде оффтейк-келісімшарт ұсынып отыр, — деді Жаслан Мәдиев.
Пікірлер