Елімізде «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсы басталды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ауқымды жоба білімімен, кәсіби шеберлігімен және қоғамдық белсенділігімен дараланған студент жастарды анықтап, олардың жетістігін республика көлемінде кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
Конкурс жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің имиджін нығайтуға, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және олардың кәсіби өсуіне нақты мүмкіндік жасауға бағытталған.
Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі колледж студенттері қатыса алады. Атап айтқанда, WorldSkills чемпионаттары мен кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен қатысушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының және волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары, инновациялық идеялар мен стартап-жобалар авторлары, ғылыми конференциялар мен олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың белсенді мүшелері үміткер бола алады. Кейінгі үш жыл ішінде осы байқаудың жеңімпазы атанған студенттер қайта қатыса алмайды.
Конкурс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – колледжішілік іріктеу. Әр білім беру ұйымы 5 кандидаттан артық ұсына алмайды. Бұл кезеңде үміткерлердің оқу жетістіктері, кәсіби табыстары және қоғамдық белсенділігі сараланады.
Екінші кезең өңірлік деңгейде өтеді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардан 10 үздік үміткер іріктеліп, олардың жетістіктері кешенді бағалаудан өтеді. Үшінші кезеңде республикалық финал қорытындыланады. Қорытынды іріктеу «TOP-100 STUDENTS» интернет-ресурсында өткізіліп, елдің 100 үздік колледж студенті айқындалады.
Пікірлер