
Рақым айы – Рамазан: ШҚО бас имамы Оразадағы амалдар мен тыйымдар туралы айтып берді
Ақпанның 18-нен 19-ына қараған түні барша мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Рамазан айы басталады. Бұл – адамзат баласына тура жол көрсетуші қасиетті Құран Кәрім түскен, рухани кемелдену мен сабырлыққа үндейтін ерекше ай. Оразада тек ішіп-жеуден тыйылу жеткіліксіз. Бұл айда тіл мен көзді, ой мен пиғылды да жамандықтан сақтау керек. Алайда кейбірі ораза ұстау барысында нені істеуге болатынын, қандай амалдардан сақтану керектігін толық біле бермейді. Осы орайда Рамазан айындағы жиі кездесетін қателіктер мен рұқсат етілген амалдар туралы кеңінен тарқату мақсатында Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Сайфулламен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Оразаның мұсылман өміріндегі негізгі мәні неде?
– Құрандағы Бақара сүресінің 183-ші аятында «Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» делінген, яғни бұл адамның жүрегін рухани кемелдендіретін ай. Бүкіл көркем мінез болсын, адамдарды кешіру, оларға жақсылық ойлап, жақсы ойда жүру адамның жүрегінде қалыптасады. Сол үшін адам жүрегін тазалайтын, адамды рухани шыңдайтын, кемелдікке жеткізетін ай десек болады. Таңнан кешке дейін ашығып жүру оразаның парызы негізгі міндеті, бірақ оның рухани мәселесі бар. Исламда имам Ғазали сияқты үлкен ғалым ғұламалардың «ораза бірнеше түрге бөлінеді» деп айтқаны бар. Соның ішінде көпшілік адамдардың оразасы, ол таңнан кешке дейін аш жүретіндер. Одан кейін жекелеген адамдар, олар бүкіл денесімен, болмысымен ораза ұстайтындар. Демек, ол көзімен де аузымен де құлағымен де ораза тұтатындар. Көзімен жаман нәрсе қарамайтын, құлағымен жаман сөзді естімеу, ауызымен өсек, ғайбаттан тыйылу деген сияқты нәрсе. Рамазан айын рухани медресе деп айтып жатады. Былайша айтқанда адам осы айда өзін тәрбиелеп шығады ғой.
– Әйелдердің ораза ұстауына қатысты қандай сұрақтар жиі қойылады?
– Негізінде ер адам, әйел адам деп бөлінбейді. Бұл бәріне ортақ парыз. Дегенмен, шариғатта кейбір жеңілдік мәселелер қарастырылған. Мәселен, хайыз кезінде ауыз бекітпей, ораза біткеннен кейін орнын толтырып, қарыз қылып өтеуіне болады. Баланы емізетін әйел тым әлсіреп кеттім десе, ол адамға да ондай жеңілдіктер бар. Енді басқа жағдайларда ер мен әйелдің ондай айырмашылығы жоқ.
– Отбасындағы ауызашар дастарханының тәрбиелік мәні туралы не айтасыз?
– Ауызашарға көбінесе көрші-қолаңды, жақындарымызды, достарымызды шақырамыз ғой. Ауызашардың да негізгі мәні – ораза ұстаған адамның ауызын ашуға себепші болу. Екінші жағынан, бұл жерде береке-бірлік деген мәселе көрініс табады. Отбасылық ауызашарларда бала-шаға жақындардың басқосуын, қолдарын жайып, дұға-тілек тілегендерін көреді деген сияқты. Балаға тәрбиелік жағынан да, береке-бірліктің, ағайын-туыс, дос-жаранның артуына да өзіндік жағдайлары да бар.
– Балаларды оразаға қалай дұрыс баулу керек?
– Кішкентай балаларға ораза парыз емес. Балаға негізі тәрбие айтумен емес амалмен көрінеді ғой. Қазақта сөз бар ғой «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген. Сол кезде әкенің ақылын тыңдаған демейді көрген деп айтып жатады. Ата-анасының ораза ұстағанын, қайырымдылық жасап жатқанын көрген бала үшін үлкен тәрбие болып саналады.
– Қандай жағдайда адам ораза ұстаудан босатылады?
– Ораза парыз етілген кезде ол айтылады. Біріншіден, балиғат жасына толмаған адам. Ол әр адамда әртүрлі болуы мүмкін. Балиғатқа толды деп жалпы айта алмайсың, әр адамның өзінің жетілуіне байланысты. Екіншіден, денсаулық жағдайы жарамсыз адам. Мәселен, асқазаны ауыратын адамдарға жиі тамақ ішу керек болады. Одан басқа тамақ ішпесе, талып қалады деген сияқты түрлі жағдайлар кездеседі. Ол жерде білікті дәрігермен ақылдасу өте маңызды. Өйткені, Құрандағы аятта «Білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» делінген. Үшіншіден, сапардағы адамды айтсақ болады. Шариғатта «мусафир» дейді. Қазақта мұқтаж адамды «мүсәпір» деп жатады. Неге? Себебі, сапарда жүрген адам отбасынан, үйінен жырақта жүреді. Ол адам кішкене жағдай мәнісі болмауы да мүмкін. Осындай жағдайлар ескеріледі. «Жоқ, менің жағдайым жақсы» десе, ол өз еркінде. Сол үшін тұрғылықты, денсаулығы жарамды, шариғат бекіткен жасқа толған адамға ораза парыз. Бізде «кәффәрат» деген нәрсе бар. Мысалы, емделіп кеткен адам жазылып кетуі мүмкін. Ол кейін ұстаса болады. Ал егер мүлдем ұстай алмаймын десе онда күнделікті, таңда, кеште тойып жейтін деңгейде адамды тойдырса болады немесе сол мөлшерде садақасын берсе болады.
– Қандай сәттерде ораза бұзылады (бірнеше мысал айтсаңыз)?
– Негізгі бұзылу әдейілеп тамақ жеу. Ал енді біреуді өсектеу, ғайбаттау адамның шынайы, ахиқи оразасын бұзбайды, ол кезде оразаның руханияты бұзылады. Сол үшін адам ораза ұстадым деп жүріп, біреуді өсектеп, ғайбаттап, бейәдеп сөздерді айтса оразаны кемел түрде ұстадым дегенге саналмайды. Ол тек міндеттелген ісін ғана жасағандай болады. Шыдамай ішіп-жеп қойса, оразасы бұзылады. Білмей немесе ұмытып жеп-қою деген сияқты әрекеттер оразаны бұзбайды. Тойып жеп, артынан есіне түссе бұзылмайды, әрі қарай жалғастырып кетуіне болады.
– Жұмыс кестесі тығыз адамдарға (мысалы, таңнан кешке дейін жұмыс істейтіндерге) қандай кеңес беруге болады?
– Денсаулығы жарамды болса, оған ешқандай мәселе жоқ. Алғашқы күндері қиын болуы мүмкін, өйткені бізде уақыттың 1 сағат артқа жылжығаны бар. Күн өте қысқа қазір. 17.00 кезінде ауызымызды ашып қоямыз. Үйренгенше қиын болуы мүмкін. Бұл айда Алла өзі бір рухани жеңілдік беріп қояды. Қатты ауыр жұмыс істейтін адамдар болмаса, ауыз бекіту ауыртпашылық тудырмайды негізінде.
– Қарызы бар адамға ораза ұстау міндет пе?
– Ораза ұстауына болады. Бірақ мейлінше ол оразаға дейін ұстап тастағаны дұрысырақ. Бірақ «былтырдан қарызым бар» деп биылғы оразадан құр қалса, ол дұрыс емес. Өйткені, былтыр қалай міндет болса, биыл да ораза ұстау сондай міндет болып саналады. Сол үшін бір парызды істемедім деп, келесі парызды ысырып қоюға болмайды. Содан кейін кейбір адам бар «мен намаз оқымаймын, ораза ұстауыма болмайды» деген сияқты пікір айтады. Ол да дұрыс нәрсе емес.
– Ораза кезінде жиі жіберілетін қателіктер қандай?
– Жиі жіберілетін қателіктер өте көп. Рухани тұрғыдан алып қарасақ, көп адам оразада жүреді, бірақ бұрынғы әдеттерін тастамайды. Бейәдеп сөйлей салады, онысына мән бермейді деген сияқты мысалдар бар. Одан кейінгісі – ысырапшылдық. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтқан. Ысырап ол дінде де тыйым етілген мәселе. Негізі ауызашарда тоятындай тамақ жеген жеткілікті. Жай уақытта жемейтін тамақтарды үйіп, тойып алып жеу де ысырапқа жатады. Мамандардың айтуынша, күні бойы аш жүрген адам бірден тойып жемеу керек. Ауыз бекіткен кезде дұрыс, тойымды жеген дұрыс. Сәресіде береке бар.
– Мектепте оқушылар ораза ұстап жатады. Неше жастан бастап ұстаған дұрыс?
– Балиғат жасы деп 12-15 жас аралығы айтылады. Бірақ, ол әрбір баланың жағдайына байланысты қаралады. Біреуге мынанша жас деп айта алмаймыз. Қыз баланың бой жететін уақыты болады, ұл баланың ер жететін уақыты келеді деген сияқты. Оразамын деп білімге кесірін тигізбеу керек. Сабақтан қашу, қалу деген сияқты дүниелер құпталмайды.
– Қыздардың тырнағы, кірпігі оразаны бұза ма?
– Жоқ, оразаны кірген нәрсе бұзады. Жасанды кірпік, тырнақ немесе бояну мәселесі дәрет алуға кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ, оразаның үкімі басқа. Сондықтан ондай нәрселер оразаны бұзбайды.
– Ораза кезінде қандай тағамдар жеген дұрыс?
– Ораза кезінде адам баласы құнарлы, дәрумендерге бай тағамдарды таңдағаны абзал. Қазір сапасыз азық-түлік те көп қой. Сол үшін құрмамен ауыз ашып жататыны да бекер емес. Құрманың ішінде жеміс-жидектерде кездесетін дәрумендердің барлығы дерлік бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күні бойы аш жүргендіктен ең бірінші су ішкен, құрма жеген.
– Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына қандай шектеулер бар?
– Оразаның анықтамалығында таңнан кешке дейін ішіп жеуден және ерлі-зайыптылардың жақындасуынан тыйылу деп айтып жатады. 1 ай бойы жақын болмау керек деген қате түсінік. Күндізгі уақытта жақындасуға болмайды.
– Ораза кезінде музыка тыңдау, сериал көру туралы не айтасыз?
– Енді ол оразаны бұзатын мәселе емес. Әйтсе де Рамазан айының әр уақыты берекелі, сауапқа толы. Сондықтан әрбір уақыттың берекесін түсініп, әр сәтін жақсылықпен өткізуі дұрыс. Бос уақытта Алла Тағаланы зікір ету, пайдалы кітап немесе Құранды оқу жөн.
– Ауызашар уақытынан 1-2 минут ерте ашып қойса, ораза бұзыла ма?
– Біліп тұрып 1-2 минут ерте ашса, онда бұзылады. Ал егер білмей, ұмытып кетсе, дінде ол басқалай қаралады. Бізде арнайы кесте шығарылады. Сондықтан, соған сәйкес ауыз ашып, абай болған дұрыс.
– Сәресін ішпей ұйықтап қалған адам ораза ұстай ала ма және ұмытып ішіп-жеп қойған адам не істеуі керек?
– Сәресіне ұйықтап қалса әрмен қарай жалғастыра алады оразасын. Оның оразасы дұрыс болып саналады. Ал ұмытып, ішіп-жеп қойып есіне түссе оразасы бұзылмайды.
– Тіс тазалау, дәрі ішу, екпе салдыру оразаны бұза ма?
– Тіс тазалау бұзбайды. Бірақ тазалап жатып ішке кетіп қалғаннан абай болу керек. Дәрі ішу оразаны бұзады. Күндіз міндетті түрде ішу керек дейтін болса, онда қарыз қылып өтеуі немесе кәффарат түрінде беруі қажет. Терінің бер жағына салынатын екпе бұзбайды.
– Уақыт бөліп, ақпарат ұсынғаныңызға көп рахмет! Шығыс Қазақстан тұрғындарына бір ауыз тілегіңіз болса...
– Қасиетті Рамазан рухани кемелдік айы дейміз ғой. Барша халқымызға осы айда рухани кемелденуді Алла нәсіп етсін. Бұл ай береке-бірлігіміздің нығаюына себепші болсын. Дұғаларымызды қабыл қылып, келесі Рамазан айына аман-есен жетуімізді жазсын!
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер