Қалада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан жандарды марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекеттік наградалар табысталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Марапаттау рәсімінде сөз алған өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов жиналған қауымды құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
– Өңіріміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекеттік наградаларыңыз құтты болсын! Сіздер адалдықтың, жоғары жауапкершіліктің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін, – деді өңір басшысы.
Салтанатты жиында марапат иелері де өз ойларымен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетілген құрметке алғыстарын білдірді.
Зейнеткер Түсіпхан Түсіпбекұлы өз сөзінде ұзақ жылғы қызмет жолына тоқталды.
– Мен өмірімнің 30 жылын мемлекеттік қызметке арнадым. Қазір зейнеткерлікке шықсам да, бойымызға сіңген мемлекетшілдік қасиет сақталып қалады. Қоғамға аз да болса пайдамды тигізу – басты мақсатым, – деді ол.
Ал Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева бұл марапаттың үлкен жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.
– Еліміз үшін, облысымыз бен ауданымыз үшін 40 жылға жуық еңбек еттім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекет саясатын қолдап, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында қызмет еттік. Бүгінгі марапат – еңбектің еленгені. Осындай құрметке ұсынғаны үшін алғысымыз шексіз. Бұл бізді одан әрі жігерлендіреді, – деді ол.
Фотосурет: tengrinews.kz
Пікірлер