
Өнерде де, өмірде де жұбы жазылмаған
15 сәуір – қазақ халқы арасында біртіндеп ерекше мәнге ие болып келеді. Яғни, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні. Бұл күн 2011 жылдан бері Ғашықтар күні ретінде аталып келеді. Жыл өткен сайын бұл мереке 14 ақпандағы Әулие Валентиннің мәртебесін ығыстырып, ұлт болмысына жақын, төл мәдениетімізді дәріптейтін мерекеге айналып отыр. Бұл күннің дәл осылай аталуы да кездейсоқ емес. Өйткені Қозы мен Баян – қазақ әдебиетіндегі ғана емес, жалпы халық жадындағы мәңгілік махаббаттың, адалдық пен кіршіксіз сезімнің символы. Осы мерекеге орай өмірде де, өнерде де сезім қылы берік жалғанған жұппен сұхбаттасқан едік. Бірі – сөзі мен ісі қабысқан күршімдік қағілез жігіт, екіншісі – Қызылорданың қылықты қызы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Достықтан басталған махаббат
Өнерде де, өмірде қол ұстасып жүрген ғашықтар аз емес. Эстрада да Мирас пен Құралай, Қарақат пен Қыдырәлі, Жанболат пен Жазираны мысал етсек, спортта Абиба Абужақынова мен Ермахан Ануарбек, Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен ату) бар. Ал өңірлік деңгейде мұндай жұлдызды жұптар көп кездесе бермейді. Дегенмен «іздеген жетер мұратқа» демекші, сұрастыра келе мәдениет ошағынан өнерлі жұпты жолықтырдық. Олар – Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының актерлері – Еділ Мекешев пен Айым Бегмат.
Айым көрерменге талантты актриса ретінде жақсы таныс. Ол театр сахнасында ғана емес, отандық киноөндірісте де өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген. Актриса «Қиын шақ», «Көкжал» сынды фильмдерде басты рөлдерді сомдап, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Қызылордалық арудың жүрегі неге Шығыстың жігітін көргенде жиірек соққаны көпшілікке қызық болар. Осы орайда біз өнердегі және өмірдегі серігі Еділ Мекешевпен таныстығы, махаббат хикаясы және ортақ шығармашылық жолдары туралы сұрап көрген едік...
– Қызылорда қаласына қарасты Жаңақорған ауданының тумасымын. Арманым өнер жолына жетелеп, осы бағытты шын жүректен таңдадым. 9-сынып аяқтаған соң, Алматыдағы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түстім. Жолдасыммен ең алғаш Алматыда таныстық. Екеуміз бір топта оқыдық, жатақханада бірге тұрдық. Бұл негізі достықтан басталған махаббат. 7 жыл дос болып жүрдік. Солай Өскеменге жұмысқа келгенде достығымыз махаббатқа ұласты, – деді Айым Бегмат.
Ал Еділ Мекешев болса арман қуып Алматыға барғанда махаббатын, өмірлік жарын кезіктірген. Айтуынша, ауыл баласының арманы орындалып, мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр.
– Күршім ауданы Қалғұты ауылының тумасымын. Балалық шағым сол ауылда өтті. Арман жетегімен Алматы шаһарына барып, колледжге түстім. Қазір сол қалаған мамандығым бойынша жұмыс атқарып жатырмын, – деді Еділ Мекешев.
Өмір мен өнерді үйлестірген
Айым Бегмат «Сыр аруы – 2018» байқауының жеңімпазы, сондай-ақ жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Қазақ аруы – 2018» байқауының финалисі. Қазір спектакльдерде басты рөлді жетеріне жеткізе сомдап, халықтың сүйікті актрисасына да айналып үлгерген. Мысалы, «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» спектакльінде Айым басты рөлде, яғни Баянның образын сомдаған. Дегенмен бұл қойылымда мақалаға арқау болған жұп ғашықтардың рөлінде ойнаған жоқ.
– Жалпы Еділ екеуміз бірнеше қойылымда ғашықтардың рөлін сомдадық. Мәселен, «Ғашықтар хикаясында», «Алғашқы махаббат», «Шынарым менің, шырайлым менің» спектакльдерінде басты рөлдерде болдық. Негізі көптеген режиссер айтып жатады, өмірдегі жұптар сахнада ғашықтарды ойнай алмайды деп. Бірақ бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, Еділ екеумізге бұл ешқандай қиындық тудырмаған. Өмірде қалай, сахнадағы рөлді де тура солай алып шығамыз. Айырмашылығы бар деп айта алмаймын, – деді Айым.
Қос ғашық 7 жыл достықтан кейін 8 ай жүріп, үйленуге бел буды. 2020 жылы отау құрған жұптың қазір 2 баласы бар. Өнерлі жұптан өмір мен өнерді үйлестіру қаншалықты қиын деп сұрадық.
– Театр табалдырығын аттағанда әріптеспіз. Ал үйде Айым менің еркелеген әйелім, мен оның еркелеткен күйеуі, балаларымыздың ата-анасы болып шыға келеміз. Ортадағы тепе-теңдікті сақтауға тырысамыз. Үйленер алдында қандай қиындық кездессе де, қол ұстасып бірге өтеміз деп сөз бергенбіз. Сондықтан ешбір жерде қаймықпай, қорықпай, басымызды тік көтеріп жүреміз, – деді Еділ Мекешев.
Шынайы махаббатты шебер суреттеді
Айтуынша, отбасында қаталдық жоқ. Екеуі де жұмсақ, қазіргі тілмен айтқанда «грин флаг отбасы».
– Отбасындағы ең басты қағидамыз – бір-бірімізге деген адалдық, ешкімнің ала жібін аттамау. Бұл – ана сүтімен берілген қасиет. Біреуді ренжітіп, көңілін қалдырып, қиянат жасағымыз келмейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, балаларымызға да адалдық пен адамдықты сақтауды үйретіп жатырмыз. Оларға да жақсы тәрбие беріп, үлгі- өнеге көрсеткіміз келеді, – деді күршімдік актер.
Шынайы махаббаттың театрдағы үлгісіне айналған қос ғашық өнерде де, өмірде де бір-біріне ерекше сыйластықпен, қамқорлықпен қарайды. Айналасына тек шуақ сыйлай білген Айым мен өжеттігі өн бойынан байқалған Едігеге қарап, қазіргі заманның үлгілі отбасын көргендей боласың.
– Біз үшін шынайы махаббат – адалдық, сенімділік, сыйластық. Бір-бірімізді ұнатпай тұрып, 7 жыл дос болдық. Кейін отбасын құрдық. Қазір де бір-бірімізді жақсы түсінеміз, – деді сахнаға әбден төселген ерлі-зайыпты.
Қос жұптан байқағанымыз сол, кісілігі мен кішілігін жоғалтпаған отбасыға тән дәстүрді берік сақтап келеді. Бір-біріне деген мейірімі үзілмеген, сезімі сарқылмаған, махаббаты таусылмаған.
– Айым өте мейірімді, айналасына шуағын шашып жүретін ару. Ең бір ұнайтын қасиеті – өзінің қойған мақсатына жету үшін еңбектенуден шаршамайды, – деді Еділ Мекешев.
Көмескіленген сезім мен жалған махаббат таралған мынау қоғамда осындай жұпты кездестірген бір ғанибет. Еділдің бойынан жігітке тән көркем мінез, Айымнан қазақ қыздарына тән нәзіктің пән мейірім байқадық. Сұхбат соңында екеуінен қазіргі буынға бір ауыз жылы лебіз айтуға қолқа салдық.
– Қазір жастардың барлығы дерлік ақылды, білімді. Десек те, махаббатта маңыздысы – шынайылық. Өзіңді басқа адам етіп көрсету дұрыс емес. Көп нәрсені қаз-қалпы қабылдап, кез келген өзгеріске бейімделіп үйрену қажет деп санаймыз. Махаббат шынайылықты жақсы көреді. Ал шын сүйетін адам сені бар болмысыңмен сүю керек, – деді Еділ Мекешев пен Айым Бегмат.
P.S. Махаббат – қос жүректің бірдей соғуы, қос тағдырдың тоғысуы. Ал шынайы бақыттың негізі өзара сыйластық пен құрмет десек те болады. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бойынан осы асыл қасиеттердің бәрі табылады. Махаббаттарыңыз мәңгілік, өмірлеріңіз мәнді де сәнді болсын!
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет кейіпкерлердің жеке мұрағатынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер