Биыл жол құрылысын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін «E-Joldar» ақпараттық жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Автомобиль жолдарын салу және жөндеу жобаларын іске асыру барысын ашық әрі жедел бақылау мақсатында «E-Joldar» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйеде «Қоғамдық бақылау» және «Жөндеу» модульдері енгізіліп жатыр. Олар онлайн режимде жұмыстардың орындалу барысын қадағалауға, мердігер ұйымдар туралы мәлімет алуға, атқарушылық құжаттаманы жүктеуге және әр жоба бойынша негізгі ақпаратқа ашық қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Қоғамдық бақылау» функционалы жол пайдаланушылардың өтініштерін жедел қарауды қамтамасыз етеді. Жүйені пайдалануға енгізу 2026 жылға жоспарланған, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр жол құрылысы мерзімдері мен сапа талаптарын бұзғаны үшін қандай санкциялар қолданылатынын да атап өтті.
— Жұмыстардың мерзімдері мен сапа талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған және белгіленген тәртіппен қолданылады. Келісімшарттық міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда мердігер ұйымдар сот тәртібімен жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізіледі, — деді ол.
Пікірлер