Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт өзгеруі жол қозғалысын қиындатты, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Кеше таңертең өңірде жаңбыр жауып, артынан қарға ұласты. Ауа температурасы төмендеген соң жолды көктайғақ басты. Қауіпсіздік мақсатында Өскемен қаласынан барлық бағытқа шығатын жолдар уақытша жабылды.
Республикалық маңызы бар көлік жолдарын тазалау және құм-тұз қоспасымен өңдеу жұмыстарына 100-ден астам техника мен 120-дан астам маман жұмылдырылды.
– Көктайғаққа байланысты көлік қозғалысын уақытша шектеуге тура келді. Күні бойы жол жамылғысын тазалау және өңдеу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Кешке қарай барлық бағыт бойынша қозғалыс қалпына келтірілді, - дейді «ҚАЖсервис» ЖШС ШҚО филиалының бас инженері Шыңғыс Заитов.
Кешке қозғалыс қайта ашылған соң, жол қызметі мен патрульдік полицейлер күрделі учаскелерде автокөліктерді алып жүрді.
Көліктер Алматы, Шемонаиха, Алтай, Риддер және Семей бағыттарына қарай шықты. Жалпы саны 500-ден астам автокөліктің қауіпсіз өтуі қамтамасыз етілді. Оның ішінде ең көбі – 160 көлік Шемонаиха және Ресей шекарасы бағытына қарай жол тартты.
Еске салсақ, осыған дейін 20 ақпанда республика бойынша қай жолдарда қозғалыс шектелгені жайлы жазғанбыз.
Пікірлер