Ұлттық ғылым академиясының квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
— Заң жобасы аясында Ұлттық ғылым академиясының жұмысын тежеп тұрған бірнеше мәселені шешеміз. Оның квазимемлекеттік сектор субъектісі мәртебесін заң жүзінде бекітеміз. Бұл академияның мүлкін қалыптастыру тәртібін нақты реттеуге, басқару тетігін жүйелеуге және тұрақты қаржыландыру көздерін айқындауға жақсы мүмкіндік береді. Ғылым академиясы үшін бұл — өте қажет өзгерістер, — деді депутаты.
Оның сөзіне қарағанда, ғылыми жобалар бойынша конкурс нәтижелерін жариялау мерзімдері бүгінде заңмен нақты регламенттелмейді.
— Қазіргі таңда бұл мерзімдер айқын бекітілмегендіктен рәсімдер жиі созылады. Ал ғалымдар белгісіздік жағдайда қалады. Біз рәсімдерді уақытылы өткізіп, конкурс нәтижелерін белгіленген мерзімде жариялауды міндеттейтін арнайы нормаларды қарастырып отырмыз, — деді Асхат Аймағамбетов.
Пікірлер