Қазақстанда наурыз айындағы демалыс күндерінің саны артуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте өткен брифингте Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 15 наурызда Қазақстанда республикалық референдум өтеді. Егер азаматтардың басым бөлігі жаңа Конституция жобасын қолдаса, бұл күн мемлекеттік мереке әрі демалыс күні болып белгіленуі мүмкін.
Бұл жағдайда қазіргі 30 тамыз – Конституция күні өз күшін жоюы ықтимал.
Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, жаңа Конституция жобасында бұл мәселе нақты көрсетілген.
- Жаңа Конституция жобасының 94-бабы дәл осы мәселеге арналған. Екінші тармағында: “Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн – мемлекеттік мереке болып табылады” деп жазылған. Яғни халық дауыс беріп, Конституцияның жаңа редакциясын қолдаса, 15 наурыз Конституция күні болып есептеледі. Соған сәйкес, қазіргі 30 тамыздағы Конституция күні өз күшін жояды. Бұл мәселе бойынша 15 наурызда азаматтарымыз қабылдайтын шешімге сүйенеміз, - деді министр.
Брифинг барысында журналистер министрден биыл 30 тамызда Конституция күні тойлана ма деген сұрақ қойды.
- Бұл республикалық референдумның қорытындысына байланысты, - деп қысқа жауап берді Ерлан Сәрсембаев.
Еске салайық, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтеді.
Пікірлер