Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы туралы пікір білдіріп, оның елдегі саяси өзгерістердің заңды жалғасы екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы Ата заң қабылданып, қызмет еткеніне 30 жыл толды. Уақыт талабына сай жаңа өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап, соның нәтижесінде жаңа Конституция жобасы әзірленген.
– Жаңа Конституция апталап емес, айлап талқыланды. Алты ай бойы ел азаматтары әр түзетуді, әр бапты талқылап, өз ұсыныстарын білдірді. Тікелей эфирлер арқылы да халықтың көптеген пікірі ескерілді, – деді Нартай Аралбайұлы.
Оның айтуынша, жаңа құжатты әзірлеуге әр саладан 130 маман кірген. Ал кеңес беріп, ұсыныс айтқан заңгерлер мен сарапшылардың саны мыңға жуықтаған.
Депутат бұрынғы Конституцияны небәрі 12 адам жазғанын, оның ішінде үш шетелдік сарапшы болғанын атап өтті. Ал қазіргі ұсынылып отырған жаңа Ата заң кең ауқымда талқыланып, жан-жақты сараптамадан өткен құжат екенін айтты.
Нартай Аралбайұлы жаңа Конституцияны «халықтық Ата заң» деп атауға толық негіз бар екенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл құжат елдегі саяси жаңғырудың маңызды кезеңін көрсетеді.
– Жаңа Конституция – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси өзгерістердің логикалық түйіні. Онда әділетті мемлекет құру, заң мен тәртіп қағидатын күшейту, адам құқықтарын қорғау және билік институттарын жаңғырту секілді маңызды бастамалар көрініс тапқан, – деді депутат.
Фото: egemen.kz
Пікірлер