
Референдум басталды: ел халқы өз таңдауын жасайды
Қазақстанда жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жалпыұлттық референдум басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Биыл 11 ақпан күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша атқарған жұмысы туралы мәлімет берілді.
Осы орайда Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.
Атап айтқанда, биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды.
Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылады.
Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, қабылдаймын» немесе «Жоқ, қабылдамаймын».
Бюллетеньдер екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде басылады.
Айта кетейік, бірқатар өңірдегі қалаларда референдум күні қоғамдық көлік тегін болады. Бұл шешім қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау және дауыс беру күні еркін қатынауды қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Дауыс беру учаскелері сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Қазақстандықтар 10 402 учаскеде дауыс бере алады, сондай-ақ референдум күні 54 елдегі Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан 71 учаске жұмыс істейді.
Комиссия мәліметінше, елімізде 12 461 796 дауыс беруші тіркелген. Заң бойынша, осы саннан 1% артық бюллетень әзірленеді. Демек, 12 586 414 бюллетень болмақ. Алайда жыртып не бүлдіріп алса, азаматтарға жаңа бюллетень берілмейді.
Егер азамат ешқайда тіркелмеген болса, мұның да шешімі қарастырылған. Ел бойынша 220 учаскеге 1 тәулікке тіркелуге болады. Мұндай жағдайда азамат тізімге енгізіліп, дауыс беру үшін оған бюллетень ұсынылады.
— Учаскелерге азаматтар есептен шығару куәлігімен келуі мүмкін. Бұл — тіркелген мекенжайынан басқа жерде дауыс беретіндерге ұсынылатын құжат. Не болмаса, учаскелерге бір тәулікке тіркелгендер де болуы ықтимал. Бюллетеньдердің 1% артық жасалатын себебі сол. Жоғарыда жазылған екі топтағы азаматтар үшін қарастырылған. Ал бюллетенін бүлдіріп алғандарға екіншісі берілмейді, — делінген хабарламада.
Референдумға қатысушыларға кеңес беру үшін Call-орталықтар жұмыс істейді. Call-орталықтар туралы ақпараттар әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында жарияланған.
Дауыс беру күні өзінің тіркелген жерінен тыс жерге баратын болса, 2026 жылғы 14 наурызда сағат 18:00-ге дейін есептен шығару куәлігін алу арқылы дауыс беруге құқылы.
Шетелдерде дауыс беретін Қазақстан азаматтарының саны - 14 230 адам.
Атап айтқанда, Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың ушығуына, Украина мен Эфиопиядағы қауіпсіздік деңгейінің төмендігіне байланысты 10 елдегі 11 учаскенің жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Иран, Израиль, Иордания, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопиядағы елшіліктер жанындағы, сондай-ақ Дубай қаласындағы Қазақстан Консулдығы жанындағы учаскелер жатады.
Референдум күні дауыс берушілер тіркелген мекенжайы бойынша учаскеге баруы тиіс.
Егер азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскеге келіп, тізімнен өзін таппаса, онда қызметкерлер көмегіне жүгінгені жөн. Жауапты мамандар оның тіркелген мекенжайы бойынша учаскесін анықтап береді. Еліміздегі 10 402 учаскенің жартысынан астамы мұндай қызметті көрсете алады. Ал Астанада бұл көрсеткіш 100%.
2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумда дауыс беру үшін учаскелерді анықтауға арналған «ЖСН бойынша дауыс беру үшін өз учаскеңізді табыңыз» сервисі іске қосылды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер