Негізгі цифрлық дағдылар балалық шақта қалыптасады. Сол себепті бұл кезеңде балалар цифрлық қауіп-қатерлерге бейім. Жақында проблеманың түйінін тарқатуға көмектесетін қазақстандық қосымша ұсынылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Kid Security қосымшасының негізін қалаушы Асат Ашамановтың айтуынша, бағдарлама баланың бейтаныс адамдармен сөйлесіп жатқанын, сондай-ақ әңгіменің жалпы мазмұнын бақылауға мүмкіндік береді. Солай бола тұра баланың жеке кеңістігін бұзбайды.
– Тек кіріс хабарламалар көрсетіледі, фото, видео, дауыстық хабарламалар және толық хат алмасу қолжетімді емес. Ақпарат қауіпсіз түрде өңделіп, ата-ананың жеке кабинетінде ұсынылады. Осылайша, қосымша ата-аналардың уайымын азайтуға көмектеседі. Қосымшаның Орталық Азияда аналогы жоқ, – деді Асат Ашаманов.
Kaspersky Lab жүргізген зерттеуге сүйенсек, балалар мен жасөспірімдер интернеттен келетін қауіпті жете түсінбейді екен. Психологтар да бұл деректерді растап отыр.
Мысалы, жасөспірімдердің 73%-ы смартфонсыз өмірін елестете алмайды, ал 8-16 жас аралығындағы балалардың 44%-ы үнемі онлайн болып, уақыттың көп бөлігін әлеуметтік желілерге жұмсайды. Сонымен қатар әрбір үшінші жасөспірім онлайн платформаларға тіркелу кезінде жасын үлкейтіп көрсететіні анықталған.
– UNICEF зерттеулеріне сәйкес, қазақстандық балалардың жартысына жуығы интернетке алғаш рет 5-8 жасында кіреді, ал шамамен 21%-ы кибербуллингке тап болады. Бұл баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін айқын көрсетеді, – дейді Qazaq Expert Club жанындағы психология саласының сарапшысы Жадыра Сабырова.
Маманның айтуынша, балалармен сенімді қарым-қатынас орнату өте маңызды.
– Қазір психологиялық тәжірибе «қатаң бақылау» моделінен саналы сүйемелдеу моделіне ауысып келеді. Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де осы үрдіс байқалады. Яғни, ата-ана тек бақылап қоймай, баламен диалог құрып, қауіпті бірге талқылап, ережелерді келісіп, жауапкершілікті біртіндеп балаға тапсыруды үйретуде, – дейді спикер.
Пікірлер