Президент Жарлығына сәйкес, 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Осыған орай Қорғаныс министрлігінде 2026 жылғы көктемде азаматтарды Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға мерзімді қызметке шақыруды ұйымдастыруға арналған кеңес өтті.
Аталған жиынға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров төрағалық етті.
Кеңеске Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Ұлттық ұланның және ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері қатысты. Облыс және республикалық деңгейдегі қала әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ әскерге шақыру науқанына жауапты лауазымды тұлғалар видеоконференцбайланыс арқылы қосылды.
Жиын барысында 2026 жылғы көктемгі шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу, шақыру пункттерінде бірыңғай тәсілдер мен талаптарды қалыптастыру, шақыру комиссияларының жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды. Сонымен қатар әскерге шақыру науқаны кезіндегі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру бағыттары, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары — Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау әскердің жауынгерлік даярлық деңгейіне, жасақталуы мен кадрлық әлеуетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
— Мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар әскери-оқытылған резервтің негізін қалайды және осы резерв ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда елімізді қорғауға шұғыл тартылады. Сол себепті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып қала береді, — деді генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.
Кеңесте Бас штаб бастығының орынбасары — Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылғы әскерге шақыру нәтижелері мен биылғы көктемде азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру шаралары туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Биылғы көктемгі науқан аясында 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азаматты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңнан астам адам Қарулы күштерге, 7 мыңнан астам адам ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.
Кеңес соңында генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров мерзімді әскери қызметті ұйымдастыру жұмыстарын оңтайландыру және сапалы жүзеге асыру аясында жауапты адамдарға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, Президент Жарлығын орындау мақсатында барлық мемлекеттік органдарды өзара тығыз іс-қимыл мен бірлескен жауапкершілікке шақырды.
Пікірлер