Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң аясында әзірге 70 мың адам осы тетікті пайдаланған. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ведомство дерегінше, қазіргі уақытта төлем мерзімі 2 жылдан 5 жылдан астам уақытқа кешіктірілген 500 мыңнан астам азамат бөліп төлеу режимінде жүр. Аталған санаттағы азаматтардың заң бойынша банкроттық рәсімін қолдануға мүмкіндігі бар, алайда олардың басым бөлігі бұл тетікке жүгінбейді.
Мәдина Әбілқасымова мұны заңдағы бірқатар шектеулермен байланыстырады. Атап айтқанда, банкрот деп танылған азаматтарға 5 жыл ішінде жаңа несие алуға тыйым салынады.
Сонымен қатар соттан тыс банкроттық рәсіміне жүгіну үшін қарыз алушының мүлкі болмауы және табысы екі ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс. Көп жағдайда азаматтар бұл талаптарға сәйкес келмейді.
– Осыған байланысты өткен жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жаңа норма қарастырылды. Енді егер қарыз бойынша төлем мерзімі 5 жылдан асса, онда азаматтар үшін мүліктің болуы немесе табыс деңгейіне қатысты талаптар қолданылмайды, – деді агенттік төрағасы.
Сонымен қатар ол өз сөзінде төлем мерзімі 5 жылдан асқан жағдайда азамат банкроттық рәсіміне еркін түрде өтініш беріп, табысы мен мүлкі тексерілместен қарызы есептен шығарылуы мүмкін.
– Былтыр проактивті банкроттық тетігі енгізілді. Оны іске асыру Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне жүктелген. Аталған механизм аясында банкроттыққа өтініш беруге құқығы бар азаматтарды автоматты түрде анықтап, оларға SMS-хабарлама жіберу арқылы қарызды есептен шығару мүмкіндігі ұсынылады, – деп толықтырды.
Соған қарамастан, бұл тетікті пайдаланушылар саны әлі де аз болып отыр.
Пікірлер