2026 жылдың басынан бері Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалының көлемі 9,3% ұлғайды. Бұл көрсеткіш инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейтуге байланысты болып отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазақстандық жүк экспорты 17% өсіп отыр, оның ішінде темір кенін, қара металдарды, агроөнеркәсіптік кешен мен мұнай өнімдерін тасымалдау ұлғайды.
Осы ретте айта кететін мәселе - еліміздің транзиттік әлеуеті нығайып келеді. Қытаймен қатынаста транзиттік жүктердің көлемі 8% өсті. Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан транзитпен жүктерді тасымалдау 27% өсімді көрсетті.
ҚТЖ инфрақұрылымның транзиттік тасымалдардың одан әрі өсуіне дайындығын қамтамасыз ете отырып, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде елдің көліктік-логистикалық әлеуетін арттыру жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастыруда.
-Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша тасымалдаудың оң қарқыны байқалады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қытайдан ТХКБ бойынша 125 контейнерлік пойыз жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 34,4% жоғары,-делінген хабарламада.
Фото: Kazinform сайтынан.
Пікірлер