Әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың өмірден өтуіне байласты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына, қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтады.
— Мұхтар Шаханов — шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді. Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды. Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті. Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын! — делінген хабарламада.
Еске салсақ, 8 сәуірде ақын денсаулығына байланысты емханада жатқаны белгілі болды.
Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол көпшілікке тілі жатық, қисыны тастай, ойы шымыр өлеңдерімен ғана емес, шешуші сәттерде батыл әрекет ететін тәуекелшіл мінезімен де танымал. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінің жанашыры, діл майданының сардары ретінде репутация қалыптастырған ақын Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Репсубликасындағы елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Қазақ әдебиетіндегі Мұхтар есімін арқалаған үш алыптың бірі саналатын ақын ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды.
Пікірлер