A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 15:30 0

«Атаңнан мал қалғанша,тал қалсын»: ШҚО әкімі жастармен бірге тал екті

Бүгін / Өскемен

Бүгін «Өскемен аллеясында» «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды көшет отырғызу шарасы өтті. Бұған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, қала жастарымен бірге тал екті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күн райының жылылығы мен мерекелік атмосфера шараның ажарын аша түсті. Акция шымылдығы шағын концерттік бағдарламамен түріліп, артынша бәрі жұмысқа кірісті. Аллея бойында Өскеменнің түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары мен сынып жетекшілері белсенділік танытты.

Жас экологтар жер қазып, көшеттерді ұқыпты орналастырып, оны суару жұмыстарымен айналысты. Облыс әкімі оқушылармен бірге тал отырғызып, келешек ұрпақ өкілдеріне жылы лебізін білдіріп, олармен естелік суретке түсті.

Шара барысында Нұрымбет Сақтағанов «Таза Қазақстан» акциясы маңызына тоқталып, жастардың бұл іске атсалысуының символдық мәні бар екенін атап өтті:

- Енді Өскемен қаласының 2 400 оқушысы өз қаласымен «тамырлас» болды деп нық сеніммен айта аламыз. Әр ағаштың өз иесі бар. «Таза Қазақстан» тек айналаны көркейту емес, бұл - ата - бабамыз айтқан «Атаңнан мал қалғанша,тал қалсын» деген ұлы сөздің көрінісі. Бұл іс-шара экологиялық қана емес, экономикалық тұрғыдан да өте қажетті. Тазалық - әр азаматтың ішкі жан дүниесі мен мәдениетінің айнасы. Ал ішкі мәдениеті дамыған жастардан болашақта еліміздің мықты азаматтары өсетініне сеніміміз мол, - деді ол.

Айта кетейік, республикалық акция аясындағы мұндай игі істер өңірде тұрақты түрде жалғаспақ. Бүгінгі егілген жас көшеттер алдағы уақытта «Өскемен аллеясының» көркін келтіріп қана қоймай, қаланың «жасыл белдеуіне» айналмақ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив