Тіл үйрену тек оқулықтар мен сөздіктерден тұрмайды. Шынайы тілдік орта, жанды қарым-қатынас пен ұлттық өнер арқылы тілдің рухын сезіну – ең тиімді әдіс, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы ұстанымды ту еткен "Кел, сөйлесейік!" клубының жетекшісі әрі тренері Надежда Шушаникова өз шәкірттерімен бірге қазақ мәдениетінің ортасына терең бойлап қайтты.
Бұл жолы тіл үйренушілер тек аудиторияда бас қосып қоймай, қаланың мәдени ошақтарына жол тартты. Олар: "Алғашқы махаббат"комедиялық қойылымын тамашалап, театрдың тірі энергиясын сезінді. "Таптым-ау сені 3" көркем фильміне барып, заманауи қазақ киноматографиясының тынысымен танысты.
Қазақ тіліндегі әзілдерді түсініп, актерлердің эмоциясын сезіну – тіл үйренушілер үшін үлкен жетістік. Көрермендердің айтуынша, қойылым, кинодағы қазақы орта мен шынайы диалогтар оларға тілді жаңа қырынан танытқан.
– Бұл іс-шараның ең басты ерекшелігі – ұсыныстың тренерден емес, тіл үйренушілердің өздерінен түскендігінде. Бұл – қоғамдағы үлкен бетбұрыс белгісі. Бұл қадам – мемлекеттік тілге деген құрмет пен қызығушылықтың артып келе жатқанының айқын дәлелі, – деді клуб мүшелері.
Қазақ тілін өнер арқылы үйрену – тілді жай қатынас құралы емес, рухани қазына ретінде қабылдауға жол ашады.
– «Кел, сөйлесейік!» клубының мұндай бастамалары қала тұрғындары арасында қазақ тілінің беделін арттырып, ұлтаралық татулық пен мәдени тұтастықты нығайта түсері сөзсіз. Өнер мен тіл тоғысқан жерде нағыз рухани өсу басталады, – делінген ақпаратта.
Пікірлер