A+ A A-

talgatzhan 45 Бүгін, 17:35 0

«Поэзияға ерекше үлгімен келген ақын»: Өскеменде ақын Жанат Әскербекқызымен кездесу өтті

Бүгін / Өскемен / Руханият

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана бүгін кезекті рет әдебиет сүйер қауымның басын қосты. Бұған дейін қаншама проза алыбы келіп, роман мен повесть тереңіне бойлатса, бүгінгі мейманның жөні бөлек. Ақын, әдебиеттанушы әрі ғалым Жанат Әскербекқызымен өткен жүздесу жас қаламгерлер мен оқытушылар үшін де рухани азық болғаны сөзсіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ақын туралы ұстазы не дейді?

Кездесудің «Мұзтау мұзбалағының» атына берілген руханият ордасында өтуі кездейсоқтық емес. Ұйымдастырушылар сөзінше, ақын бір кездері Оралхан Бөкей шығармалары бойынша диссертация жазған. Өзінің айтуынша, катонқарағайлық қаламгердің жүріп өткен жолына үңіліп, шығармашылығын қамту оңай болмады. Жанат Әскербекқызы мен Оралхан Бөкей өмірде жүздесті мен деген сұрақ та қойылды әу баста.
– Мен Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыдым. Ол шаһар өздеріңіз білесіздер, ақын-жазушылар мекені. Ең әуелі біз оқуға түскенде имене, жасқаншақтай баратын жерлер болды. Оның бірі – Қазақстан Жазушылар одағы. Сосын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театры, сондай-ақ опера және балет театры. Оралхан Бөкей – сирек кездесетін, қасына адам жақындауға қорқатын мысы бар, өзгеше қаламгер болды. Көп жазушы кербұғыға теңеп жатушы еді. Шынымен де бір тастың басына шығып алып, алысқа қарап тұратындай, – деді Жанат Аймұхамбет.
Осылай деп ой орманына жетелеген соң оқушылар ол кісінің өлеңдерін оқып, шығармашылығын меймандар жадына жақындатып әкелді. Тарбағатайдың Құйған ауылында туған ақынның жерлестері жоқ емес еді кітапханада. Ұстаздарының бірі сөз алып, ғалымның 1975-76 жылдардағы алғашқы оқушысы болғанын айтты. Сосын әріптес болып, бір мектепте жұмыс істеген. 
– Жанат поэзия әлеміне өзіндік бір ерекше үлгімен келген ақын. Оны әлгінде айтылған шығармаларынан оқып жүрсіздер, таныссыздар. Жанаттың бір ерекшілігі – мен, мен дей беруден ада. Жалпы, кез келген адамның менмендікке салынуы құптайтын іс емес. Оның шығармаларын түгел оқыдым демеймін. Бірақ өзім таныс болған өлеңдерінен оның бойындағы еңбекқорлығын аңғардым, – деді ұстаздарының бірі.

Ақынның Оралхан Бөкеймен жүздескен сәті

Бұл жерде аталған кітапхана басшылығының мол ізденіс жүргізгенін айта кеткен орынды. Руханият ордасының директоры Хабиба Ақжігітованың айтуынша, Жанат Әскербекқызы өзі ұмытыңқырай бастаған бірнеше өлеңін мұрағатқа үңіліп, іздеп, бүгінгі кездесуге арнайы әзірлепті. 
Жиында С.Аманжолов атындағы ШҚУ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушылары, өңірдегі поэзия үздіктері және көркем әдебиетке қызығушылығы бар оқушылар болды. Барлығы да қазақы орта мен тіл мәртебесіне айрықша мән беретін жандар. Жанат Әскербекқызы балалық шағындағы естеліктерден гөрі, білім ошағында болған бірнеше сәтке тоқталды. 
– Бірде 8-ші жатақханада (ҚазҰУ) студенттермен кездесуге келді. Сол кезде Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыз ұзақ» деген кітабы шығып жатқан. Сол кітапты қолыма алып тұр едім, жоғары курс студенттерінің бірі «Мына қыз да Алтайдың тумасы, өзі өлең жазады» деп мені нұсқапты. Оған мән бермедім. Сонда ол кісі «Шығысқа тән шырайлы өмір, жайдары көңіл тілеймін. Ағаң, Оралхан» деп  жазып қалдырған еді. Бірақ қаламгердің қолтаңбасы бар кітапты сіңілімнің баласы байқамай жыртып алып, менен бір ай таяқ жеді, – деді ол жымиып.
Осындай жылы естеліктер мен оқырман тілегі сабақтасқан кездесуде тағы да өлеңдер оқылып, ғалымның өмірін қамтыған бейнежазба көрсетілді. Оның өзі жасанды интеллектпен өңделген, өзгеше әдіс еді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив