A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 15:10 0

Қазақстандық банктер биометрияны жиі қолдана бастады

Бүгін / Республика

Елімізде биометриялық төлем жүйелері күнделікті қолданысқа жаппай енгізіле бастады. Банктік қызметтер онлайн форматқа көшіп, бұл жүйе пайдаланушылар үшін қолжетімді болып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Биометрия — адамның бет-бейнесі мен дене деректерін негізге алып, жеке тұлғаны анықтайтын технология. Оған бет-әлпет, алақан, саусақ ізі сияқты деректер жатады. Сол арқылы әр адамға тән жеке цифрлық бейне жасалады. Саусақтағы сызықтардың орналасуы, тереңдігі, өрнегі бәрі бір-біріне ұқсамайды. Тұлғаның дене бітіміне қатысты деректер цифрлық жүйеге енгізіліп, сол арқылы әртүрлі төлем қызметтерін жылдам әрі оңай пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде биометриялық жүйелер банктік қосымшалар мен төлем сервистерінде кеңінен қолданылады. Ал IT маманы Қанат Ахатовтың айтуынша, мұндай технологияларда қауіпсіздік мәселесі де өзекті.
— «Басыңызды мына жаққа бұрыңыз», «жымиыңыз» деген сияқты нұсқаулар беріледі. Осы сәтте жүйе сізді камера арқылы түсіріп, сіздің тірі адам екеніңізді анықтайды. Яғни бұл жай ғана фото ма, әлде экран алдында нақты отырған адам ба соны тексереді. Сондай-ақ бетіңізде арнайы фильтрлердің, өңдеудің бар-жоғын да ажыратады. Жүйені алдау мүмкін емес деп айту қиын, себебі қазіргі заманда технология да, оны айналып өту тәсілдері де қатар дамып жатыр. Бірақ оны алдау өте қиын. Сондықтан мұнда ең басты мәселе- дербес деректердің қорғалуы болып отыр, — дейді ол.
Құпиясөздермен салыстырғанда, мұндай деректерді қолдан жасау әлдеқайда күрделі. Себебі жүйе ондаған параметрді ескеріп, адамның бет-бейнесінің үш өлшемді моделін қалыптастырады. Алайда қауіпсіздікке кепілдік жоқ. Егер биометриялық деректер тарап кетсе, оларды ауыстыру мүмкін болмайды. Бұл, әрине, алаяқтық әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін.
— Банктер жинайтын деректерді өте мұқият қорғауы тиіс, өйткені бұл екіұшты мәселе. Сіз барлық деректерді, соның ішінде биометрияны жинадыңыз делік, ал қандай да бір себеппен олар сыртқа тарап кетсе — бұл бұрын құпиясөздеріңіз тарағаннан әлдеқайда қауіпті. Құпиясөзді өзгертуге болады, ал бет-бейнеңізді өзгерте алмайсыз, — дейді Қанат Ахатов.
Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы ай сайын миллиондаған сұранысты өңдейді. Пайдаланушылардың дербес ақпаратын қорғау мақсатында Ұлттық банк биометрияны қолдану кезінде деректер қауіпсіздігін күшейтудің қосымша тетіктерін қарастырып жатыр.

— Бұрын шотты қашықтан ашу барысында банктер СДАО-ны да, өздерінің ішкі шешімдерін де пайдалана алатын. Қауіпсіздік талаптарын күшейту және алаяқтық тәуекелдерін азайту үшін енді шотты қашықтан ашу кезінде бастапқы сәйкестендіру тек мемлекеттік жүйе арқылы жүргізіледі. Бұл жүйе жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен тікелей байланыста жұмыс істейді, — деді ҚҰБ төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің бас маман-экономисі Әсел Қабиева.
Заңнамаға сәйкес, азамат биометриялық деректерін пайдаланудан бас тартуға құқылы. Дегенмен мұндай жағдайда кейбір цифрлық қызметтер қолжетімсіз болуы мүмкін.
MNU профессоры Дана Өтегеннің айтуынша, Цифрлық кодекске сәйкес биометриялық сәйкестендіруге мәжбүрлеуге болмайды.
— Егер мұндай жағдай болса, жауапкершілік қарастырылған. Адам балама сәйкестендіру тәсілдерін пайдаланып, жеке басын растайтын құжаттарды өзі ұсына алады. Сондай-ақ азамат биометриядан бас тартуға және кейін өз келісімін кері қайтарып алуға құқылы, -деді ол.
Биометриялық операциялар жылдам әрі ыңғайлы. Алайда жеке деректердің барынша қорғалуы маңызды. Сарапшылар мұның жауапкершілігі тек мемлекет пен банктерге ғана емес, сонымен қатар пайдаланушылардың өздеріне де тиесілі екенін еске салады.
Айта кетейік, заңсыз қол жеткізу немесе кибершабуыл анықталған жағдайда тиісті ұйымдар дереу шара қабылдауға міндетті. Олар қатердің алдын алып, жүйенің жұмысын қалпына келтіріп, қажет болған жағдайда қосымша қорғаныс шараларын енгізуі тиіс.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив