Қазақстанда ағзаны трансплантаттауға сұраныс жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл көптеген пациент үшін өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болып саналады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары трансплантаттау саны тұрақты өсім көрсетті: 2023 жылы – 236, 2024 жылы – 260, 2025 жылы – 310 операция жасалды.
2026 жылдың І тоқсанында 77 трансплантаттау жүргізілді, оның ішінде 55-і тірі донорлардан, 22-сі қайтыс болған донорлардан алынды. Операциялар бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және мөлдір қабықты ауыстыру бағыттарын қамтыды.
Қазіргі таңда күту парағында 4 600-ден астам пациент бар, соның ішінде 119 бала тіркелген. Ең жоғары сұраныс бүйрек трансплантаттауына тиесілі – 4 102 науқас.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық та артып келеді: әлеуетті донорлар саны 2023 жылғы 49-дан 2025 жылы 186-ға жеткен, ал 2026 жылдың І тоқсанында тағы 55 жағдай анықталған.
eGov арқылы донорлыққа қатысты ерік білдіру 2023 жылғы 38,7 мыңнан 2026 жылы 156 мыңнан асқан.
Пікірлер