A+ A A-

talgatzhan 99 2-10-2024, 00:00 0

«Бердібек Соқпақбаев тас жара алған жоқ, бірақ бас жарды» – Мереке Құлкенов

Өскемен / Бүгін

Өскеменде балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай ауқымды театр фестивалі өтіп жатыр. Сонда шығармашылық адамдары тыңдарман үшін тұщымды ойларымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осы үшін алдымен өнер адамдары, қалалықтар мен жан-жақтан келген меймандар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Әуелі Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, ізінше Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов сөз алды.

– Қазақта «Талант – тас жарады, тас жармаса – бас жарады» деген сөз бар. Бердібек Соқпақбаев ерекше талант болатын. Тас жара алмады кезінде, оған жарғызбады. Бірақ бас жарды. Өзінің өмір сүрген шағында биліктен де, басқадан да ешқандай жақсылық көре алмаған адам. Ташкентте Орта Азия халықтарының конференциясы болып жатқанда Алматыдан «біз қашанғы құл боламыз?» деген сұрақпен телеграмма арқылы қоңырау шалған. Сонда ол кісінің артынан үш әріптегілер шам алып түсті де, ақыры өмірден кетірді. Мен неге айтып отырмын мұны? Сол кезде көре алмаған қызығын кейінгі буын көруде. Тәуелсіздік алғалы, жаңадан Мемлекет басшысы келген соң бұл кісінің жан-жақты таланты мойындалып жатыр, – деді Мереке Әбдешұлы.

Жазушылар Одағы төрағасының сөзінше, Бердібек Соқпақбаев өз шығармаларын социалистік реализммен жазбайтынын айтқан. Сондықтан бар назарын балаларға аударды.

– Социалистік деген сөзді қалай түсінеміз? Кезінде ауданның бірінші хатшысын, өзге де қолында билігі барларды дәріптеп жазған шығармалар жиі кездескен. Қазір соның біреуі жоқ. Ал «Менің атым Қожаны» әлемдегі 70-тен астам ел аударып, оқыды. Бұл талант иесінің бақыты емей немене? 30-шы фестиваль осы кісінің құрметіне өтіп жатыр. Бірақ кей шығармалары әлі де сахна төріне шығарылмай келеді. Соның бірі «Бозтөбеде бір қыз бар» деп аталады. Жанры – комедия. 1961 жылы «Лениншіл жас» газетінің 19-шы, 20-шы шілдедегі сандарында жарық көрген. Екіншісі – «Кездесу». Бұл да сол уақыттары шыққан басылымдарда оқырман назарына ілікті. Ал үшінші «Өлгендер қайтып келмейді» деген романы бойынша драматург Баққожа Мұқай екеуі пьеса жазды, – деді Мереке Құлкенов.

Мәлім болғандай, оны Нарынқолдағы халық театры қойған. Бірақ жазылған мәтіні сол күйі жоғалған көрінеді.

– Сондықтан алдағы уақытта бұл жазушыны зерттеп, жазғандарын театрға алып келу үшін уақыт арнауымыз керек. Өскеменде өтіп жатқан шарада бірқатар театрдың өнерін тамашалаймыз. «Қайдасың, Гауһар?» деген керемет повесті сахналанады екен. Соның бәрінен ағамыздың қолтаңбасын анық байқаймыз. Мазмұнында «Мен Бердібекпін» деп айтып тұрғандай болады. Қарап отырсақ, оның бүкіл шығармасында өзінің өмірі баяндалады. «Балалық шаққа саяхатты» оқып отырсаң Бердібекті көріп отырасың. Сондай бір ғажап та, аяулы жазушымыз ғой, – деді Мереке Әбдешұлы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив