Денсаулық сақтау саласында тағы да шу шықты. Бәсекелестікті қорғау бойынша бұзушылықтар тіркеліп, соңы сотқа ұласты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сөйтіп, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ана мен бала орталығына» қатысты қылмыстық іс бойынша сот алқасының қаулысы күшіне енді. Аппеляциялық сатыда аталған орталық өкілдері Өскемен қалалық әкімшілік құқық бұзу бойынша мамандандырылған соты шешімімен келіспейтіндіктерін жеткізді. Ал сол құжат орталықты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 159-бабы, 3-бөлігіне сәйкес 1 млн 763 мың 950 теңге айыппұл салып, монополиялық кірісті мемлекет бюджетіне 3 млн 14 мың 826 теңге тәркілеуді қарастырады. Яғни, мемлекеттік мекеме монополист деп танылды.
Сот алқасы отырысында ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі ШҚО бойынша департаментінің «Ана мен бала орталығында» тексеріс жүргізгені анықталды. Оның қорытындысы әлеуметтік нысанда бәсекелестік қорғау хақында бірқатар бұзушылық бары белгілі болды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, олар медициналық қызметті көрсету бағасын монополиялық тұрғыда едәуір қымбаттатып жіберген. Соның ішінде, екі жағдайды ерекшелеп айтуға болады: бірі – жұмыс уақытынан тыс кезде акушер таңдау 128 пайызға қымбаттаса, босану кезінде дәрігердің көмегі 118 пайызға қымбаттаған.
– «Ана мен бала орталығы» жоғарыда аталған ақылы медициналық көмек көрсететін бірден-бір денсаулық сақтау мекемесі. Тиісінше, монополия болып саналады. 2023 жылдың сәуірінен бастап ақылы медициналық қызмет көрсету жиіледі. Орталықтағы «жұмыс уақытынан тыс кезде акушер таңдау» және «босану кезінде дәрігердің көмегі» калькуляциясында медициналық персонал жұмысын қоспағандағы шығын мөлшері анықталды. Барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасы аясында іске асты. Акушер-гинеколог пен акушердің ақылы қызметінің екі есеге өскені белгілі болды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен жүкті әйел есебінен ақша түскен, – делінген іс материалында.
Қорытындысында, «Ана мен бала орталығына» МӘМС арқылы және ем алушы қалтасынан қаражат төленуі дұрыс емес болып саналды. Оған жол берген орталыққа бірінші аппеляциялық саты шешімімен 1 млн 763 мың 950 теңге көлемінде айыппұл салынып, монополиялық кірісті мемлекет бюджетіне 3 млн 14 мың 826 теңге тәркілеу міндеттелді.
Фотосурет ашық дереккөзден
Пікірлер