
Риддердегі қаңғыбас иттер мәселесі қала әкімін алаңдатып отыр
Қала әкімі Думан Рахметқалиев көшелердегі қаңғыбас иттер мәселесіне қатысты жиын өткізді. Мұнда «Риддер Вет» мекемесі басшылығы мен бірнеше сала өкілдері қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ит аулауда қиындықтар бар ма?
Қазір осы тақырып едәуір өзекті болып тұр қалада. Әкімдік өкілдері жиын басында бірден «Риддер Вет» басшылығынан соңғы ақпарат берулерін сұрады. Соған сүйенсек, таяу күндері Владивостокский көшесінде 9 ит ауланды. Ол жерге учаскелік полиция да барыпты. Анығы сол, тағы бір ит ұстатпай жүр, оны да апта соңына дейін қолға түсіруді жоспарлап отыр. Думан Рахметқалиев жауапты тұлғалардан «тоғыз ит ауланса да, адамдарға қауіп төндірген қай иттер» екенін сұрады.
– Олардың барлығының иесі бар. Қаңғыбас иттер адам қаппайды. Қандай да бір арыз-шағым хаттар түссе, сол бойынша дереу жұмыс істейміз. Көп иттің қайсысы қаңғыбас, қайсысының қожайыны бар екені беймәлім. Таловка болсын, қай жерге барсақ та, төрт аяқты жануарлар бізді көрсе қашып кетеді, – деді «Риддер Вет» басшысы Жанболат Сәбиев.
Жауапты тұлғаның сөзінше, жағдайды қиындап тұрған – қаңғыбас емес, қараусыз жүрген иттер. Бұл үшін жергілікті полиция өкілі айыппұл қарастырылғанын алға тартты. Думан Есдәулетұлы келтірілген статистиканы тыңдай отырып, хаттамалар апта сайын толытырылып тұруы тиістігін жеткізді. Ал ветеринария бөліміндегілер біреу-міреуді қауып алу жағдайлары тіркелсе, дереу ит құтыру ауруынан аман ба, жоқ па екендігі тексерілетігдігін алға тартты.
Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тыныбаев осыған қатысты жоспарын қала әкіміне ұсынды. Ішкі істер басқармасымен бекіткен көрінеді. Оның сөзінше, учаскелік полициямен апта сайын бірлескен жұмыс атқарылады. Думан Рахметқалиев бұл да оң нәтижеге жету үшін мардымсыз жұмыс екенін айтты.
– Бұған қатысты ветеринария бөлімінің, учаскелік полиция өкілдерінің, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің жұмысына көңілім толмайды, – деді әкім.
«Риддер Вет» КММ басшысы Жанболат Сәбиев осыған дейін ит аулауға барғандарында бірнеше мәрте қашып кеткендерін айтты. Кей жағдайда тұрғындар «менің итім емес» деп айтып, жаңылдыратын көрінеді. Думан Рахметқалиев мұндайда барлығын шетінен аулап, алып кеткен дұрыс екендігін жеткізді.
– Сонда иттердің қожайындары өздері келеді әрі көп нәрсе айқындала түседі. Осы кезде учаскелік полицияны шақырып, қолма-қол айыппұл салуға мүмкіндік туады. Біріншіден, сіздер өздеріңіз бастама танытып отырған жоқсыздар. Ит аулауға себеп бар. Екіншіден, көшеде алаңсыз жүрген иттердің не тұмылдырығы, не қарғыбауы жоқ болса, онда заңға қайшы ешнәрсе көріп отырған жоқпыз. Кейде волонтерлер шуласып жатады. Ойда-жоқта балаларды қауып алса, өйтіп әуреге түсу еш жақсылыққа әкелмейді, – деді қала басшысы.
Жанболат Сәбиев ит аулауға қатысты бірқатар мәселе барын жасырмады. Біріншісі, қазір оларды ұстап отыратын орын жоқ. Барлығына қаңғыбас иттер орналастырылған. Қазірдің өзінде саны 30-40-қа таяйды. Мұны естіген Думан Есдәулетұлы мәселені біржақты ету үшін қалалар тәжірибесіне ұсынып, әкімдік, полиция және ветеринария өкілдерін нақты ұсыныстар айтуға шақырды.
– Бюджет есебінен әлдеқандай мекеме ашылуы тиіс пе, жоқ басқа бір әдісі табыла ма екен? Мүмкін жеке меншік компания, еріктілер болсын, ит аулау жұмысы бірқалыпты жалғасып отыруы тиіс. Ветеринарлар үлгермей жатса (осыған таң қалдым), онда қала бюджетінен қаржы бөлу арқылы басқа әдіс іздейік. Әлдебір мекеме ит ауласа, оларға төленетін қаражат қандай мөлшерде болуы керектігін бекіту қажет. Керек деп тапса, бұған жер аумағын да бөліп берейік, – деді Думан Рахметқалиев.
Былтыр қанша ит ауланды?
Бауыржан Тыныбаевтың сөзінше, бірнеше нұсқаны таңдалып қойды. Жер телімі табылғанымен, оны ресімдеуге жауапты адам жоқ. Яғни, ол жеке кәсіпкерлік болуы тиіс. Қала басшысы осы бағытта белсенді жүргізілуін талап етті.
– Қазір иттерді тірідей ұстап алып кете алмаймыз. Орын жоқ. Әкелеміз, қайта қоя береміз. Дәл қазір тұрақ және қосымша адамдар керек. Екі адам шама келгенше істеп жүрміз, дегенмен қиындықтар байқалады. Ветеринарлық дәрігерлер болса немесе келуге ниет білдірген адамдарға қызметтік пәтер қарастырылса жөн еді, – деді Жанболат Сәбиев.
Думан Рахметқалиевтің ойынша, қызметтік пәтер тауып бергеннен тақырып түйіні тарқамайды. Одан да риддерліктер арасынан көмегі тиер адам қарап, қолда бар мүмкіндікпен жүйелі жұмыс атқару керек. Осы ретте қала басшысының орынбасары Болат Акужановқа иттерді ұстайтын қосымша тұрақтар ұйымдастыруға, вольерлер санын көбейтуді тапсырды. Орманшылармен де бірлесе әрекет ету орынды екенін алға тартса, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына жағдайды реттеу бойынша жоспар әзірлеуге бір апта уақыт берді. Тұмылдырығы мен қарғыбауы болсын-болмасын, көшеде қараусыз жүрсе, бірден аулау керектігін міндеттеді.
Қала әкімінің айтуынша, жағдайды реттеудің бірден-бір әдісі сол, вольерлер санын ұлғайту керек. Себебі, қаршадай қыздан, ересектердің өзін қауып жатқанда, сылбырлық таныту қисынсыз. Аздан соң «Риддер Вет» КММ басшысынан жылына қанша ит ауланатынын сұрадық.
– Қазір итті атсаң, айыппұл арқалайсың немесе сотталасың. Атпасаң көбейіп барады. Мәселен, біз алып келіп, оларды зарарсыздандырамыз. Сосын табиғи ортаға қайта жібереміз. Одан ит азаймайды. Бізде уақытша ұстайтын жер бар, бірақ олар арнайы паналайтын тұрақ жоқ. Осы жағы шешілсе, ит іздеп келген біреу-міреуге беріп жіберу де тиімді әдіс. Былтыр ұзын-саны 330 ит ауладық. Бірақ соның өзінде азая қоймады. Негізінен көбі қараусыз иттер. Бір үйде үш ит ұстаса, біреуін байлап, екеуін бос қоя береді, – деді алпыстан асқан Жанболат Сәбиев.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер