Ел көлемінде өтіп жатқан дәстүрлі «Ұлттық диктант» акциясына өскемендіктер де белсене қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Бұл бастама – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіруге және ұлттық бірегейлік пен тіл мәдениетін нығайтуға бағытталған жалпы республикалық мәдени-ағартушылық жоба. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен қолға алынған акция биыл да ауқымды деңгейде ұйымдастырылды. Қатысушылар берілген мәтінді жазу арқылы өз білімін сынап, қазақ тілінде сауатты жазу дағдысын пысықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек емле мен грамматиканы тексеру емес, сонымен бірге тілге деген құрмет пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған шара.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай да диктант жазуға қатысып, бастаманың маңызына тоқталды.
— Ұлттық диктант – өз тілімізді жетілдіріп, мемлекеттік тілде сауатты жазу мәдениетін қалыптастыруға жол ашады. Мұндай шаралар тіліміздің дамуына, оның өрісінің кеңеюіне және болашақ ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етеді. Ана тіліміздің тұғыры әрдайым биік болсын, – деді ол.
Пікірлер