A+ A A-

talgatzhan 46 Кеше, 15:50 0

Өскеменде «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалі өтті

Бүгін / Өскемен / Спорт

Облыс орталығында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарысқа Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Алтай, Күршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарынан қатысушылар келді.
– Бүгінгі шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба еліміздің барлық өңірінде кеңінен жүзеге асырылып келеді. Фестивальге қалалар мен аудандардан 8-17 жас аралығындағы 69 бала, барлығы 23 команда қатысуда. Олар спорттың үш түрінен өзара бақ сынасады. Жалпы фестивальдің басты мақсаты – ерекше балаларды қоғам өміріне бейімдеу, олардың бойындағы қабілеттерін спорт арқылы дамыту және инклюязия мәдениетін қоғамда насихаттау, - деді деді «AMANAT» партиясының ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Аманбай Нүркенов.
Аталған сайысты ұйымдастырушылар қатарында «AMANAT» партиясының ШҚО филиалы, ШҚОФ Әйелдер қанаты, облыстық білім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет басқармалары бар. 
Жарыс «Бочча», «Көңілді старт», «Жеңіл атлетика» кезеңдері бойынша өтті. Күршім ауданынан келген қатысушы Талғат Мейірдің сөзінше, мұндай сайыстар салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосады. 
– Бүгінгі фестивальде жеңіл атлетика бойынша өнер көрсеттім. Жеңіл атлетика – шыдамдылық пен күнделікті еңбекті талап ететін ерекше спорт түрі. Жарысқа дайындық жоғары деңгейде өтті. Жақсы нәтижесін көрсетемін деген сенімдемін, - деді ол. 
Фестивальдің ұйымдастыру деңгейін шәкірттерін дайындап келген бапкерлер де жоғары бағалады. 
– Бүгінгі жарыс ерекше қажеттіліктері бар балаларға өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беріп, спортқа деген қызығушылығын арттырады. Фестивальге дайындықты алдын ала бастадық, қатысушыларды да арнайы іріктедік. 5-7 сынып оқушыларын кіші және үлкен топ бойынша әкелдік. Мұндай шаралар жыл сайын ұйымдастырылса, балаларға үлкен мотивация болар еді, – деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Гүлгүл Жүнісова.
Фестиваль соңында жеңімпаз командалар дипломдар мен кубоктармен марапатталды. Сондай-ақ медальдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Қалған қатысушылар сертификат пен естелік сыйлықтарға ие болды. 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив